Шымкент қаласы тұрғындарының назарына!
Шымкенттегі төтенше жағдай штабы қала тұрғындарына үндеу жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Коронавирустың алдын алу мақсатында Шымкент қаласы әкімдігінің жанынан қалалық төтенше жағдай штабы құрылған болатын.
Аталған арнайы штаб қала тұрғындарына үндеу жолдады.
«Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары! Баршаңызға мәлім, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты, Сіздерден өз үй-жайларыңыздан мүмкіндігінше шықпауды өтінеміз. Азық-түлік немесе дәрі-дәрмек алу сынды аса қажеттілік болмаса, сауда орындары мен базарларға, саябақтарға, ойын алаңшаларына баруды және туған-туыстардың, дос-жарандардың үйлеріне қыдыруды уақытша доғаруды сұраймыз.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей індеттің адамдар жиналатын ортада тез таралатынын ескеріп, тиісті органдар тарапынан жүргізілген ескертулерге дер кезінде құлақ асуды өтінеміз. Жер-жаһанда коронавирусты жұқтырғандар саны 600 мыңнан асты. Еуропадағы Италияда өткен бір тәулікте індеттен көз жұмғандар саны мыңға жақындады. Бұл деректер өз кезегінде жағдайдың аса ауыр екендігін аңғартып отыр.
Бүгінде Шымкент қаласы әкімдігі жанынан төтенше жағдай бойынша арнайы штаб құрылды. Бұл құрылым өзіне жүктелген мақсат-міндеттерге сай нақтылы жұмыстарды атқаруда. Дегенмен, қаладағы базарларға жүргізілген мониторинг нәтижесі шымкенттіктердің осы күнге дейін қарапайым қауіпсіздік ережелерін ескермей жүргендігін көрсетіп отыр.
Сондықтан Сіздерден аса қажеттілік туындамаса, көшеге шықпауды өтініп, далада бетперде киіп, антисептикалық құралдарды қолдануды сұраймыз. Сіздің қауіпсіздігіңіз – бүкіл елдің қауіпсіздігі!», делінген Шымкент қаласының төтенше жағдай штабы таратқан ақпаратта.