Кәріз құбырының 41 шақырымы аяқталып, жұмыстар 82% орындалған.
Шымкент қаласындағы Тұран шағын ауданы кәріз жүйесіне қосылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұдан өзге Шымкент қаласы Мирас, Шапағат-2 шағын аудандарында да кәріз жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда қаламыздағы 81 шағынауданның 24-і канализациямен қамтамасыз етілген.
Мирас-Шапағат-2 нысанында жоспар бойынша жалпы ұзындығы 50,4 шақырым құбыр жүргізіледі. Осыған дейін жұмыстардың 69% аяқталған. Жалпы 30 адам, 7 арнайы техника жұмылдырылған нысанның құрылыс жұмыстары толығымен 2024 жылы аяқталатын болады.
Еске сала кетсек, жуырда Шымкент қаласының Бас жоспары қабылған болатын. 2035 жылға қарай қала халқы 1 млн 800 мың адамға жетеді деген жоспар бар. Бас жоспардағы негізгі басымдық – тұрғындарға жайлы ортаны қалыптастыру. Құжатта жол, логистика, кәріз жүйесі, инфрақұрылыммен қамту мәселелері егжей-тегжейлі қаралған. Депутаттар мегаполистің жаңа бас жоспарын мақұлдап, дауыс берген.