Вакцинациялау емханаларда тұрғылықты мекенжайы бойынша сағат 08:00 мен 20:00 аралығында жүргізіледі.
ФОТО: Нұрлан Алтынбеков
Шымкентке ресейлік «Спутник V» вакцинасының 30 000 дозасы жеткізіліп, екпе егу пунктілеріне таратылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мәлімдеді.
– Үшінші мегаполисте қала әкімінің тапсырмасына сәйкес апта сайын коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша арнайы штаб отырысы өтуде. Осы орайда вакцинациялау жұмыстарына басымдық беріліп отыр. Атап айтсақ, бүгін Шымкентке ресейлік «Спутник V» вакцинасының 30 000 дозасы жеткізіліп, екпе егу пунктілеріне таратылды. Ал жыл басынан бері 13 087 адамға COVID-19-ға қарсы екпе салынды. Оның ішінде 6 376-сы – медицина қызметкері, 1 182-сі – полицейлер, 4 224-і – мұғалімдер мен 517-сі созылмалы аурулары бар, қалғаны – өзге санаттағы азаматтар, – деді Бақытжан Жолдасбекұлы.
Спикердің сөзінше, бүгінде қалада коронавирусқа қарсы 37 екпе егу пункті дайындалған. Ал медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарындағы бұл кабинеттер тиісті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар басқарма басшысы вакцинациялауға медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жіберілетінін айтты. Яғни, егу алдында міндетті түрде дәрігерлік тексерулерден өтеді. Одан бөлек, коронавирус инфекциясын жұқтырған ауыр жағдайдағы науқастармен психолог мамандар тұрақты жұмыс жасап отыр.
Айта кетейік, Шымкентте тұрғындарды вакцинациялау емханаларда тұрғылықты мекенжайы бойынша сағат 08:00 мен 20:00 аралығында жүргізіледі. Бұл ретте екпе егуге ниетті кез келген адам вакцина салдыра алады. Ал вакцинация бойынша өзін толғандырған сауалдарға байланысты «109» немесе 39-33-47 нөміріне хабарласуына болады.