Шымкентте 130 отбасы тұрғын үй сертификат​ын иеленді

0
747

Қазіргі таңда тұрғын үй сертификатына өтінімдер қабылдау жалғасуда.


Шымкентте 130 отбасы тұрғын үй сертификат​ын иеленді

Шымкент қаласында 130 тұрғын қайтарымсыз сертификат арқылы баспаналы болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Оның ішінде көпбалалы отбасылар саны - 51, ерекше бала асыраушы отбасылар – 64, толық емес отбасылар саны - 11, бюджеттік ұйым қызметкерлері - 4.

Қазіргі таңда тұрғын үй сертификатына өтінімдер қабылдау жалғасуда. Бұл жеңілдікке азаматтар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ» бағыттары шеңберінде тұрғын үй сатып алу барысында банк мақұлдауын алғаннан кейін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін өтінім жолдай алады.
Тұрғын үй сертификатының талаптарына сәйкес, қайтарымсыз 1 миллион теңге әлеуметтік көмек ретінде өтініш берушінің және отбасы мүшелерінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен соңғы 6 ай ішінде орташа табысы 125 757 теңгеден аспаған жағдайда беріледі. Зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы және өзге де міндетті аударымдар есептелмейді.

Айта кетейік, қалада 50 мыңға жуық азамат баспана кезегінде тіркелген. Олардың қатарында 1941 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 10 524 көпбалалы отбасы, 17 330 халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, 20 147 мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер, 28 жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар бар.

Өткен жылы тұрғын үй кезегіне тіркелгендерге 3 мыңға жуық пәтер берілді. Оның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, көпбалалы отбасыларға және жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға 748 пәтер табысталды. 1276 пәтер - «Отбасы банк» АҚ-ы арқылы «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ», «5-20-25» бағдарламалары бойынша несие негізінде берілді. Ал, биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 324 арендалық, 1621 несиелік және жұмыс істейтін жастарға 888 пәтер беріледі деп жоспарлануда.