Грант алуға екі лекте жалпы 2 426 адамнан өтінім түскен.
Бұл туралы Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева баспасөз брифингте айтты.
Мегаполисте осы жылы 56,9 мың адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, 2024 жылдың 1 тамызына дейінгі жағдай бойынша 27 168 адам қатысып отыр
Шымкенттің даму жоспары мен жеке кәсіпкерлердің бастамасымен жаңадан құрылатын жұмыс орындарына 10 003 адам орналасқан.
Биыл қаламызда 426 адамға грант беру жоспарланса, комиссияның шешімімен 428 адамның бизнес-жобасын қолдауға қайтарымсыз қаржы мақұлданды. Жоспардың артығымен орындалуының себебін басқарма басшысы «комиссия өкілдері 400 АЕК-ке дейінгі қаржыны оңтайландырып, тағы екі адамға грант тағайындау мүмкіндігі жасалды» деп түсіндірді.
Грант алуға екі лекте жалпы 2 426 адамнан өтінім түсті. Комиссия мақұлдаған бизнес-жобалардың 44-і мал және құс шаруашылығы, 100-і қызмет көрсету салалары, 56 жоба кондитер және нан өнімдері, 84-і тігін, 31 жоба жартылай фабрикаттар, 8-і жиһаз өндірісі, 62 жоба өндіріс саласы және 43-і қоғамдық тамақтану орындары іске қосу жобасын құрады.
Комиссия отырысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік желілердегі ресми парақшалар арқылы тікелей эфир қосулы болды.
400 айлық есептік көрсеткіш 1 476 800 теңгені құрайды. Қайтарымсыз грант қаржысын несиені өтеуге, жылжымайтын мүліктерді сатып алуға және акцизделетін өнімдерді өндіруге қолданылмайды.