​ШЫМКЕНТТЕ АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

0
1 308


​ШЫМКЕНТТЕ АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

ERNUR.KZ. Шымкентте Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Алғыс айту – адамгершіліктің белгісі» атты салтанатты шара өтті.


Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Ассамблея мүшелері, депутаттар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен бірге «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне гүл шоқтарын қойып, «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» мемориалдық тақтасының ашылуына қатысты. Қатысушылар этнос өкілдерінен құралған «Алғыс керуенін» қарсы алып, этномәдени бірлестіктер көрмесін тамашалады.

Қала басшысы Қазақстан Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелеріне жолдаған құттықтауын оқып, тұрғындарды мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде атаулы күннің мейірімділік пен бірліктің өзара құрметтің символы екенін атап өтіп, бір-бірімізді қолдаудың маңыздылығына тоқталды.

Сондай-ақ, Ғабит Сыздықбеков еліміздің түрлі ұлт өкілдерінің ортақ Отанына айналып, қиындықтарды еңсеріп, тәуелсіз мемлекет құрғанын айтып, елдің достық пен бірліктің үлгісіне айналғанын атап өтті.

«Біздің халқымыз қашан да кеңпейілділік пен қонақжайлық танытып, көшіп келген жұртшылықты құшақ жая қарсы алды. Бұл күн – ел дамуына үлес қосып жүрген әрбір азаматқа алғыс білдіретін ерекше күн», – деді Ғ. Сыздықбеков.

Еске сала кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуына орай бекітілген Алғыс айту күні 2016 жылдан бері аталып өтуде. Мереке келісім мен өзара сыйластықтың символына айналды.