Салқындату жұмыстары күн сайын кешкі уақытқа дейін жалғасады.
Шымкент қаласында аптап ыстыққа байланысты қолайлы микроклиматты сақтау бағытындағы жұмыстар күшейтілді.
Қала көшелерінде арнайы техникалар жол төсеміне, балалар және спорт алаңдарына, сондай-ақ тұрғындар көп шоғырланатын қоғамдық кеңістіктерге су бүрку жұмыстарын жүргізуде.
Салқындату жұмыстары күн сайын кешкі уақытқа дейін жалғасады. Қабылданған шаралар ауадағы шаң-тозаңды азайтып, жоғары температураның әсерін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қоғамдық көлік аялдамалары жуылып, жасыл желектер, ағаштар мен гүлзарлар тұрақты түрде суарылуда.
Аталған жұмыстарға Төтенше жағдайлар департаментінің арнайы техникасы да тартылған. Бұл шаралар абаттандыру нысандарын сақтау, жасыл аймақтарға күтім жасау және тұрғындар мен қала қонақтары үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Қала әкімдігі тұрғындарды аптап ыстық күндері қауіпсіздік шараларын сақтауға, мүмкіндігінше күннің ең ыстық уақытында сыртта ұзақ жүрмеуге, көбірек су ішуге және мамандардың ұсынымдарын орындауға шақырады.


