Шымкентте «AUEZOV SCHOOL CUP» пікірсайыс турнирі өтті

0
329

Жеңімпаздар университеттің оқу гранты және «Әуезов университеті түлектерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің тарапынан қаржылай сыйлықтармен марапатталды.


Шымкентте «AUEZOV SCHOOL CUP» пікірсайыс турнирі өтті

ERNUR.KZ. Шымкент қаласында оқушылар пікірсайысқа қатысып, оқу орнының грантын ұтып алды.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде ректор кубогіне арналған 10, 11, 12 сынып оқушылары арасында екі күндік І Республикалық «AUEZOV SCHOOL CUP» пікірсайыс турнирі өтті.
Алғаш рет ұйымдастырылған турнирге «Ақиқат» пікірсайыс орталығынан 70, еліміздің 6 аймағынан 120-ден аса үздіктердің үздігі саналған пікірсайысшылар қатысып, бағын сынады.
Қазақ және орыс тілінде америкалық парламенттік және Линкольн-Дуглас форматында өткен турнирді пікірсайысшылар қызықты әрі жоғары деңгейде өткізді деуге болады. Тартысты додада білім алушылар еліміздің қоғамдық-саяси тынысы туралы пікір таластырып, шешендік өнерлерін сарапқа салды.
Ұтқыр сөз сайысының қорытындысымен жеңімпаздар университеттің оқу гранты және «Әуезов университеті түлектерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің тарапынан қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Нақтырақ айтар болсақ, Алматы облысы Шоқан Уәлиханов мектебінің оқушылары Жадыра Аликова мен Жігер Сейдахметов І ОРЫНҒА ие болып, 100% оқу грантын ұтып алды. Ең үздік спикер атанған - Салыбек Шұғылада (№47 мектеп) 100% ОҚУ ГРАНТЫН ұтып алды.
Ал ІІ ОРЫН иегерлері – Шымкент қаласынан Бекарыс Азимхан (Талант 1 мектебі) және Камшат Алпысбайға (№38 мектеп-гимназия) 200 000 теңге қаржылай сыйақы табысталды. ІІІ ОРЫН иегерлері – Шымкент қаласынан Жолдыбек Ертай (Zerdeli high school) мен Сарбаев Даниал (№25 мектеп-гимназия) - 50 000 теңге қаржылай сыйақыға ие болды. Сондай-ақ, ІІІ ОРЫН иегерлері – Жамбыл облысынанСарымомед-огли Казим (Н.Ақшабаев атындағы орта мектеп) мен Маңызқызы Зере («Үміт» оқушылар сарайы) - 50 000 теңге қаржылай сыйақы алды.
Үздік спикер – Егемберді Ұлсая (Academy of golden kids) мен Ең үздік төреші – Әзіретәлі Гүлфайрус 30 000 теңге қаржылай сыйақыға ие болды.
Турнир бойынша Үздік төреші – Садық Аружан болса, ең үздік гид –Қуандықов Нұрлыхан болды.
Университеттің Қоғаммен байланыс және мәдениет жөніндегі проректоры С.Бейсенбаев, Шымкент қаласы Әділет департаменті Тіркеу бөлімінің басшысы Д. Ботан қатысушыларды құттықтап, марапаттарын табыстады.