Шымкентте барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім бар

0
659

Мегаполисте негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,4 пайызға артты.


Шымкентте барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім бар

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі қаңтар-маусым айлары аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

6 айдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласының барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң өзгерістер байқалғаны, өсім динамикасы тіркелгені атап өтілді.
Мегаполисте негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,4 пайызға артты.
Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, көлемі 14 пайызға өсті. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 32,3 пайызға артты.
Сонымен қатар, жалпы сауда көлемі 7,3%-ға, оның ішінде, бөлшек сауда 21,4 пайызға өскені байқалды.
Үкімет басшысы жауаптыларға өңірлерді дамытуда бірқатар тапсырмалар жүктеп, жалпы қабылданып жатқан шаралардың тұрақты мониторингін қамтамасыз ету керектігін атап өтті.

Айта кетсек, бүгін ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 5%-ды (нақты сектор – 4,8%, қызмет көрсету саласы – 4,9%) құрағанын баяндады. Барлық негізгі салалар оң динамика көрсетіп отыр, құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат пен байланыс салалары бойынша ең жақсы көрсеткіштер тіркелді.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 13%-ды құрады. Олардың ағыны көлік пен қоймалауда – 57%-ға, сауда-саттықта – 32,%-ға, ауыл шаруашылығында – 22%-ға, білім саласында – 21,5%-ға, сондай-ақ өнеркәсіпте – 10,9%-ға, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 11,4%-ға өсті.

Алдын ала жасалған қорытынды бойынша қаңтар-мамыр айларында сыртқы сауда айналымы 8%-ға өсіп, $55,8 млрд-ты құрады. Экспорт $31,6 млрд-қа жетті, бұл ретте өңделген тауарлардың экспорты 3,8%-ға өсіп, $10,2 млрд-ты құрады. Тауар импорты $24,2 млрд-ты құрады. Жалпы алғанда республиканың оң сауда балансы шамамен $7,4 млрд-ты құрайды.