Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің төрағалығымен білім сапасына арналған кеңейтілген жиын өтті.
Жиынға сала мамандары, білім сапасына жауапты басшылар мен қаладағы мақсатты 74 мектептің директорлары қатысты.
Басқосуға қатысқан Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Рыскелді Әліш, «Өрлеу БАҰО» АҚФ Шымкент қаласы бойынша Кәсіби даму институтының директоры Меруерт Медетбекова, «Әдістемелік орталық» директоры Шолпан Айтбаева сынды сала мамандары өз пікірлерін ортаға салды.
Жиын барысында мектеп директорлары 2024–2025 оқу жылының III тоқсаны мен сыртқы бағалау нәтижелері бойынша атқарылған жұмыстар жайлы жеке-жеке есеп берді. Әр мектептің білім сапасы талданып, нақты көрсеткіштер қарастырылды.
Білім сапасы күтілген деңгейден төмен нәтиже көрсеткен бірқатар мектеп басшыларына арнайы тапсырмалар жүктеліп, жауапты тұлғаларға қойылатын талаптар айтарлықтай күшейтілді. Қалалық білім жүйесіндегі кемшіліктерді жою мақсатында жүйелі бақылау мен әдістемелік қолдауды арттыру міндеті қойылды.