Қазіргі талапқа сай жасанды интеллектті меңгеру үшін қалада «Shymkent Bilim Hub» жобасы басталады. Бұл бастама мұғалімдер мен оқушылардың цифрлық құзыреттілігін арттыруға, инновациялық білім беру тәжірибесін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Шымкент қаласында білім беру жүйесін жүйелі түрде жақсартуға және жаңа заман талаптарына бейімдеуге бағытталған ауқымды «Сапалы білім» кешенді жобасы іске асырылуда. Бұл бастама оқыту сапасын түбегейлі көтеру, оқушылар арасындағы білім алшақтығын азайту, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін дамыту және оқу үдерісін толық цифрландыруды қамтиды.
Бұл стратегиялық маңызы бар жоба туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек БАҚ өкілдеріне кеңінен тарқатып айтып берді.
Жобаның негізгі бағыттарының бірі – оқушылардың академиялық дағдыларын дамыту, әсіресе оқу, жазу, тыңдалым және айтылым (төрт дағды) құзыреттіліктерін арттыру. Осы мақсатта бірқатар ауқымды іс-шаралар легі жоспарланған:
- Оқылым мәдениетін қалыптастыру: «Кітаппен қанаттан», «Абай оқулары», «Жыр бұлағы – сөз сыры», «Жыр додасы» секілді тұрақты байқаулар мен оқылым акциялары оқушылардың кітапқа деген сүйіспеншілігін және оқылым мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
- Жазу сауаттылығы мен шығармашылық: «Алтын қалам», «Ұлттық диктант», «Сөз мерейі», «Озық ойлы ұлт» сияқты жобалар арқылы оқушылардың жазу сауаттылығын, тіл байлығын және шығармашылық қабілеттерін дамыту көзделіп отыр.
Оқушылардың сөйлеу мәдениетін көтеруге және сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамытуға арналған «Сөз құдіреті» жобасы да іске қосылады. Бұл бағдарлама аясында жасөспірімдер арасында дебаттар, челлендждер және түрлі сайыстар ұйымдастырылып, олардың өз ойларын еркін әрі дәйекті жеткізуіне жағдай жасалмақ.
Қазіргі заманның негізгі талабына сай жасанды интеллектті (ЖИ) меңгеру және цифрлық сауаттылықты арттыру үшін қалада «Shymkent Bilim Hub» жобасы басталады. Бұл инновациялық бастама мұғалімдер мен оқушылардың цифрлық құзыреттілігін арттыруға, сондай-ақ заманауи технологияларды қолдану арқылы білім беру тәжірибесін кеңейтуге және оқыту процесіне инновациялық әдістерді енгізуге мүмкіндік береді.
Шымкенттің білім саласындағы бұл жаңа, ауқымды қадамдары оқыту сапасын айтарлықтай арттырып, қаладағы жаңа буынның бәсекеге қабілетті болуына және болашақтағы еңбек нарығына толық дайындықпен шығуына ықпал етеді. Бұл – қаланың адами капиталды дамытудағы стратегиялық басымдығын көрсетеді.


