17 мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтылады.
Шымкент қаласында биыл 8 елді мекен сапалы электрмен қамтылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгінде Шымкент қаласы тұрғындарының электрмен қамту көрсеткіші 97%-ды құрайды. Биыл сапалы электр қуатымен қамту үшін 9 елді мекеннің ішкі жүйелері мен «Ақжар» 110/35/10кВ және «Ынтымақ» 110/35/10кВ қосалқы станцияның құрылысы жүргізілуде. Шымкент қаласында қазір 81 елді мекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылса, 8 елді мекен жарықты жекеменшік жүйеден алады. Жекеден электр қуатын алып отырған елді мекендер: Достық, Тұран, Батыс, Нұртас, Сәуле, Жаңаталап, Қайнарбұлақ, Солтүстік саяжай.
Қазіргі таңда бұл елді мекендердің барлығында құрылыс жұмысы жүргізілуде. Құрылыс 2022 жылдың соңына дейін аяқталады.
Жыл соңына дейін «Ақжар» қосалқы станциясы мен 8 елді мекенде ішкі жүйелердің құрылыс жұмыстары аяқталып, 17 мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтылады. Олар: Достық, Батыс, Нұртас, Сәуле-276 орам, Тұран, Солтүстік саяжай, Жаңаталап, Нұртас шағынаудандары. Нәтижесінде қала аумағындағы сапалы электр қуатымен қамтылу көрсеткіші 97%-дан, 99%-ға жетпек.
Шымкент қаласының энергетикалық әлеуетін 2025 жылға дейін даму жоспарына сәйкес, электр қуатын таратушы 6 қосалқы станция салу жоспарланған. Олар: «Ынтымақ» 110/10 кВ, «Қызылсу» 220/110/10 кВ,, «Жұлдыз» 220/110/10 кВ, «Тұран» 110/10 кВ, «Шымсити» 110/10 кВ, «Ипподром» 110/10 кВ қосалқы станциялары.
Шаһарда 2023 жылы Қызылсу 220кВ және ВЛ 220 кВ қосалқы станциясының құрылысы басталса, 2024 жылы Оңтүстік 220кВ, Тұран 110кВ, Ипподром 110кВ, Шымсити 110к станциялыраның құрылысы жүргізіледі.
Аталған жұмыстар жүзеге асырылғанда 2025 жылы қалада сапалы электрмен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек.
Айта кетейік, Шымкент қаласында 2020 жылы 13 елді мекен сапалы электрмен қамтылып, көрсеткіш 95% құраған болатын.