Екі күнге жалғасатын халықаралық бизнес-іс-шараны Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен АҚШ Халықаралық даму агенттігі өткізіп отыр.
Бүгін алғаш рет Шымкент қаласында тоғызыншы Орталық Азия сауда форумы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Атап айтсақ, «Жеміс-көкөніс секторындағы инновациялық және инвестициялық тәсілдер» тақырыбында өтіп жатқан ауқымды шараға АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер, қала әкімі Ерлан Айтаханов пен 500-ден астам компания басшылары, мемлекеттік сектор өкілдері мен Орталық және Оңтүстік Азия, Еуропа және АҚШ-тың салалық сарапшылары қатысып жатыр.
Іс-шараның ашылуында сөз алған қала басшысы Е.Айтаханов бүгінгі өткізіліп жатқан халықаралық форумның маңыздылығына тоқталып, Шымкент қаласының инвестициялық және экспорттық әлеуетін атап өтті.
«Бүгінгі форум бизнес-қауымдастыққа 70 миллионнан астам әлеуетті клиенттері бар Орталық Азияның дамып келе жатқан нарығындағы жеміс-көкөніс саласындағы жаңа әлеуетімен танысуға және Шымкент қаласына көптеп инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Біз мемлекет қорынан бөлінетін қаржыға қарап қалмай, әлеуметтік және кәсіпкерлік, ауылшаруашылық пен туризм саласына әлемнің барлық елінен инвестиция тартып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын жоғарлатуымыз қажет», - деді Ерлан Қуанышұлы.
Сондай-ақ, форум барысында халықаралық және отандық журналистер мен блогерлердің қатысуымен арнайы баспасөз-конференциясы өтті. Онда БАҚ өкілдері АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер мен шаһар басшысы Ерлан Айтахановқа өздерін қызықтырған сауалдарын жолдады.
Сонымен қатар, форумға қатысушылар жаңа технологиялар, инвестициялық мүмкіндіктер, сауда ынтымақтастығы мен жаңа серіктестерді іздеу үшін нетворкингтің перспективалары туралы ақпарат ала алады. Одан бөлек, іс-шара ұйымдастырушылары қатысушыларға экспортты дамыту және сапа жағынан менеджмент бойынша практикалық сабақтар өткізеді.