Шымкентте дәрігерлер жаңа туған нәрестеге күрделі ота жасады

0
637

Нәрестенің тік ішегі аймағынан ақау табылған.


Шымкентте дәрігерлер жаңа туған нәрестеге күрделі ота жасады

Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасында дүние келгеніне бір күн болған сәбиге күрделі ота жасалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Нәрсетенің тік ішегі аймағынан ақау табылған. Ота жасамаса, оның өмір сүруі екіталай еді", дейді медицина мамандары.

Санавиация желісімен перинаталдық орталыққа барған балалар ауруханасының мамандары нәрестеге «тік ішектің атрезиясы» диагнозын қойып, Асар шағынауданындағы балалар аурханасына ауыстырады. Жағдайы ауыр болғандықтан, сәби жансақтау бөліміне жатқызылып, шұғыл түрде ота жасалды.
«Шақалақты бір күннің ішінде перинаталдық орталықтан ауруханаға ауыстырып, толық тексеруден өткіздік. Тік ішегі толық жетілмей туған, операция кезінде сол жақ бүйірінен колостома шығарылды. Операция сәтті өтті. Шақалақ анасымен бірге ауруханадан шығарылды. Мұндай ақаумен туған сәбиге 24 сағаттың ішінде ота жасамаса, ішектері кеңейіп, жыртылып кетіп, сәби шетінеп кетуі мүмкін, — дейді балалар хирургия бөлімінің меңгерушісі Ержан Байдуллаев.
Айта кетейік, Асар шағынауданындағы балалар ауруханасының дәрігерлері жыл басынан бері тік ішектің атрезиясымен туған тоғыз шақалаққа сәтті ота жасаған. Жалпы, мұндай дертке шалдыққан балақайларға үш кезеңде күрделі ота жасалады. Хирургиялық емнің нәтижесінде тумасынан ауыр дертке шалдыққан балалар қалыпты өмірге орала алады.