Qabilet қызметі пилоттық режимде іске қосылды.
Үкімет отырысының күн тәртібіне сәйкес білім беруді және ғылымды дамытудың жаңа тәсілдері мәселесі көтерілді. Оның бір бағыты ретінде дарынды балаларды қолдау және дамыту сөз болды. Шымкентте аталған мақсатта дарынды балалар үшін олимпиадалық резерв құрылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Пәндік олимпиада «Оqylyq» автоматтандырылған қашықтықтан оқыту платформасының прокторинг жүйесі форматында өтуде. Олимпиада барысы академиялық адалдықты сақтап, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсемен онлайн трансляцияланды.
Басқарма жанынан дарынды балаларды анықтайтын «Қабілет» кабинеті ашылды. Qabilet қызметі пилоттық режимде іске қосылды, бірінші кезеңде жобаға 10-11 жастағы оқушылар қатыса алады. Келесі кезеңдерде жасөспірім балалар қамтылады. «QABILET» қызметі жобасында бейімделу барысында жас ерекшелігіне байланысты түрлі нұсқаулықтармен қатар, кез келген бала өз деңгейін анықтай алатын платформада әдіс-тәсілдерді логикалық сұрақтармен ұштастыратын тапсырмалар берілген. Жобада 10-11 жастағы оқушылардың қабілеттерін психологиялық диагностикалау бойынша 4К бағыты жүзеге асырылуда. Олар: сыни ойлау, креативтілік, коммуникация, коллаборация. 2021-2022 оқу жылында Шымкент қаласы бойынша 10-11 жастағы балалардың жалпы саны 47489 оқушы болса, оның ішінде тесттен өткен оқушылар саны бүгінгі таңда 11713 балаға жетті. Жоба адами капиталды қалыптастыруға үлкен мүмкіндік бермек.
Одан өзге, селекторлық жиында ҚР БҒМ А.Аймағамбетов зияткерлік сайыстың жеңімпаздары үшін ЖОО-на ҰБТ тапсырмай грантқа түсу, олимпиада жүлдегерлері мен оқытушыларына сыйақы беру секілді қолдау іс-шаралары қаралып жатқанын айтты.