Қаладағы жаңғыртылып, жаңарып жатқан жобалардың басым бөлігі демеушілердің көмегімен жүзеге асырылып отыр.
ERNUR.KZ. Шымкенттегі балалар пойыз жолының бойы да дәл солай демеушілер көмегімен жаңғыртылып, веложол, жаяу жүгіру жолдары, бірнеше воркаут алаңдары салынып, жан-жағы көгалдандырылады. Бұл туралы қала әкімі Ғ. Сыздықбеков А.Асқаров атындағы дендробақтан бастау алған балалар темір жолын аралау барысында мәлімдеді.
Балалар темір жолының тарихына тоқталар болсақ құрылыс 1979 жылы басталып, 1980 жылы халықаралық балалар жылы қарсаңында пайдалануға берілген. Шымкент балалар темір жолына Ғани Мұратбаев есімі беріліп, қаншама жыл қаланың мақтанышы ретінде жұмыс істеді.
Ұзындығы 6 шақырымды құрайтын балалар темір жолы дендросаябақ маңындағы "Тұлпар" және Қ. Мұңайтпасов атындағы орталық стадиондағы "Спорт" стансаларын байланыстырған. Бұған дейін темір жолдың жұмысы бірнеше рет тоқтатылған. 2010 жылы қайырымдылыққа қаралған қаржы есебінен қайта іске қосқан. Дегенмен, локомотив көп ұзамай толық істен шығып, депоға қойылған. Ал, 2013 жылы қалалық прокуратура балалар темір жолының қауіптілігін ескере отырып, пайдалануға тыйым салған-ды. Сонымен қатар, мамандар ондай локомотивтер өндірісте жоқ екенін, ал арнайы тапсырыспен жасату өте қымбатқа шығатынын мәлімдеп отыр.
"Балалар темір жолының бойын жаңғыртуға арналған жоба демеушілердің қаржысына жүргізіледі. Ал, мемлекет қаржысы, қала бюджеті қаладағы жоспарлы және кезек күттірмейтін мәселелерді шешуге бағытталмақ. Шымкентте бұған дейін де бірнеше жоба демеушілер есебінен жаңарып, халық игілігіне берілген болатын. Біз қала бюджетін халықтың әлеуметтік жағдайына септігі тиетін маңызды жобаларға бағыттап, тиімді игеруді көздеп отырмыз. Атап айтар болсақ, жаз мезгілінде тоқтап қалатын ыстық су мәселесі, ауыз су, ирригация және кәріз жүйесі жүргізілмеген аудандар бар, осындай халыққа бірінші қажет жобаларға жұмсаймыз, Ал, балалар темір жолын қайта жаңғыртып, локомотивке тапсырыс беру мәселесі де мамандармен талқыланды. Алайда, ол экономикалық тұрғыдан тиімсіз екені, ондай локомотивтің өндірісте болмауына байланысты арнайы тапсырысты орындау қомақты қаржы қажет ететіні бұған дейін де айтылды", - дейді Ғабит Сыздықбеков.
Темір жолдың жағдайымен таныстыра келе қала әкімі жағдайдың жан-жақты зерделенгенін, серуендеушілерге қауіпсіз, жағдай жасалынған аймақ болатынын айтты. Арғынбеков-Бәйдібек би жол айрығын салу кезінде темір жолдың бір бөлігі бұзылғанын ескерген қала басшысы жауаптыларға жаяу жүргіншілер жолын ыңғайлы етіп салуды тапсырды.
Сондай-ақ, екі станса орнын жаяу жүргіншілерге қажетті заттарды сатуға шағын кәсіп иелеріне бергелі отыр.
Айта кетейік, бұған дейін қала тұрғындары арасында мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың қолтаңбасы қалған балалар темір жолының өзгеруі кереғар пікір тудырған болатын. Алайда, қала әкімі Ғ. Сыздықбеков локомотивтердің ескерткіш ретінде пайдаланылып, темір жол бойының заман талабына сай өзгертіліп, ел игілігіне берілетінін алға тартты. Әсіресе, 1980 жылдан бері қаланың орналасуында да көптеген өзгеріс орын алып, балалар темір жолының бойында қаладағы транспорт қозғалысын жеңілдетуге арналған жолайрықтар салынғанын да ескерген жөн.
Қала жұртшылығының белсенді демалуына, салауатты өмір салтын ұстануына арналған жоба жақын арада пайдалануға беріледі деп күтілуде.