Емханаға Pfizer вакцинасын салдыруға келген аналар алдымен жазбаша сауалнамаға жауап берді.
Бүгін Шымкент қаласында бала емізетін әйелдерге короновирусқа қарсы вакцина салына бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
№13 қалалық емханаға Pfizer вакцинасын салдыруға келген аналар алдымен жазбаша сауалнамаға жауап беріп, дәрігердің тексеруінен өтті. Қарсы көрсетілімі жоқ аналарға мамандар екпе салып берді.
Екпе салдырған аналардың бірі - Карина Раймқұлова. Бес айлық сәбиімен емханаға келген 25 жастағы анаға мамандар Pfizer вакцинаның алғашқы компонентін салдырды.
"Бүгін №13 қалалық емханаға вакцинацияға келдім. Бұл шешімді өз еркімен қабылдадым. Өйткені мен өзімді және баламды вирустан қорғағым келеді" - дейді жас ана.
Сондай-ақ емхана базасында бүгін жасөспірімдерге де вакцина салынды. Екпе салдыруға баласын алып келген атаналардың бірі - Байгутова Гүлнәра.
"Мен өзім медицина маманы болып жұмыс істеймін. Сондықтан ұлымды қауіпті инфекциядан қорғау үшін вакцина салодыруға әкелдім. Вакцина салдыру ұлым екеуміздің ортақ шешіміміз" - дейді Г. Байгутова.
Айта кетейік, екпені салу мерзімі бірінші дозаны алғаннан кейін 21-ден 28 күнге дейінгі аралықта екі рет жүргізіледі.
Әлемдік тәжірибеге сәйкес балаларды вакциналау әлемнің 30-дан астам елінде жүргізілуде, оның ішінде 15-тен астам елде балаларды вакциналау үшін Pfizer вакцинасы пайдаланылады.