Шымкентте «Қауіпсіздік – 2023» көрмесі өткізілді

0
1 104

Көрмеде киберқауіпсіздік, бейнебақылау, өртке қарсы қорғаныс және қауіпсіздік жүйелері нарығының ең сұранысқа ие қызметтері ұсынылды.


Шымкентте «Қауіпсіздік – 2023» көрмесі өткізілді

Бүгін Шымкент қаласындағы Көрме орталығында «Қауіпсіздік – 2023» көрмесі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған көрмеде киберқауіпсіздік, бейнебақылау, өртке қарсы қорғаныс және қауіпсіздік жүйелері нарығының ең сұранысқа ие қызметтері ұсынылды.
Жыл сайын халықтың қауіпсіздікке қызығушылығы артып келеді. Сондықтан біз осы саламен айналысатын, нарықта жүрген компанияларды шақырдық. Осында кәсіпорындардың, тұрғын үйлердің, пәтерлердің қауіпсіздігіне кепілдік беретін заттардың түр-түрін табуға болады. Индустрия бір орында тұрмайды. Нарықта әсіресе, заманауи бейнебақылау, қозғалысты анықтайтын құрылғылар сұранысқа ие. Бұрын бейнебақылау ақ-қара түспен көрсетілсе, қазіргі камералар түрлі-түсті әрі ақылды саналады. Одан бөлек, қазір GPS жүйесімен ғаламтор арқылы әлемнің басқа бір бұрышынан өз объектіңді бақылап отыра аласың. Көрме сала мамандарына тәжірибе алмасуға және өсуге мүмкіндік беретін бизнес дамудың ең тиімді платформасы болып қала береді, – дейді Көрме орталығының директоры Зухра Әмзеқызы.
Жалпы бұл басқосу қауіпсіздік құралдарын өндірушілердің, монтаждау және жобалау ұйымдарының, түпкілікті тапсырыс берушілердің, қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік органдар, күштік ведомстволар мен бейінді бизнес-қоғамдастықтар өкілдерінің басты кездесу орнына айналды. Көрмеде ұсынылған құрал-жабдықтар ТЖ сала мамандарына да тәжірибе алмасуға және кәсіби жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, үшінші мегаполисте жалпықалалық сейсмикалық жаттығу өтті. Оған барлық азаматтық қорғау қызметтері, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар, химиялық қауіпті нысандар, ауруханалар, білім беру ұйымдары қатысты. Аталған оқу-жаттығу кезінде әр мекеменің атқаратын қызметі және міндеті егжей-тегжейлі пысықталып, жер сілкінісі кезінде ұйымдасқан түрде әрі жүйелі жұмыс істеудің үлгісі көрсетілді. Негізгі оқу-жаттығу орны Қаратау ауданы Нұртас шағын ауданындағы тұрғын үй кешені болып белгіленді. Атап айтқанда, сағат 11:00-де Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментіне шартты түрде қуаттылығы 7 балдық жер сілкінісі болғаны жөнінде хабарлама келіп түсті. Осыған байланысты 157 бірлік дабылқаққыш-сөйлеу құрылғысы, СМС хабарламалар, 26 теле және 3 радиоарнаны ұстап алу құралдары және арнайы мақсаттағы автомобильдердегі жылжымалы дыбыс күшейткіш қондырғыларды пайдалану арқылы қала тұрғындарына қауіпсіз ашық алаңшаларға жиналу туралы хабарланды. Шартты түрдегі табиғи апатқа байланысты жедел штаб құрылып, оның жұмысына Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жетекшілік жасады. Шартты түрде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.