Шымкенттік имамдар жастармен кездесті.
Бүгін Шымкентте қалалық Ішкі саясат және дін істері басқармасы және ҚМДБ қала бойынша филиалының ұйымдастыруымен "Қазақстанның дамуындағы дәстүрлі исламның рөлі" тақырыбында алқалы жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Елімізге белгілі дінтанушы, РһD докторы Қайрат Жолдыбайұлы, имамдар мен жастар қауымы қатысқан бұл басқосуды Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева ашып, жүргізді.
Сондай-ақ, имамдардың біліктілігін арттыруды мақсат тұтқан алқалы жиында Қайрат Жолдыбайұлы дәстүрлі ислам дінінің, ұлттық құндылықтардың қазақ қоғамы мен оның дамуындағы алатын орны жөнінде сөз қозғап, қоғамның кемелдікке жетуіне көмектесетін 4 жолды атап өтті.
«Имамның арқалаған жүгі ауыр. Өйткені қоғамның талабы мен білімі өте жоғары. Бізге серпіліс пен өзгеріс қажет. Уағыз айтқанда тек мешіт төңірегімен шектелмеу үшін жан - жақты білімді жетілдіретін әдебиеттерді көп оқу керек. Сонымен қатар, тамақтану мәдениетін қалыптастыру. Аз тамақтанған адамның ойы сергек, потенциалы жоғары болады; аз сөйлеу. Көп, мәнсіз сөз тыңдаушының уақытын алып қана қоймай, соңы өсекке ұласады; аз ұйықтау және көп адамнан оңашалану кемелдікке жеткізеді», - дейді дінтанушы.
Сонымен қатар, семинар соңында қатысушы имамдарға сертификаттар табысталды.