Шымкент қаласында 39 мыңнан астам көп балалы ана тұрады. Соның ішінде 4 мыңға жуық ана – «Алтын алқа», ал 12 мыңға жуық ана – «Күміс алқа» иегері. Бұл көрсеткіш мегаполистегі демографиялық өсімнің тұрақты екенін дәлелдейді.
Шымкент қаласында көп балалы аналарға арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл – ел демографиясына, ұлт болашағына өлшеусіз үлес қосып жүрген аналар еңбегін бағалау мақсатында ұйымдастырылған игі шаралардың бірі. Мегаполистегі 300-ден астам ана Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес мемлекеттік марапаттарға ие болды.
Ізгі дәстүрге айналған бұл марапаттау рәсімі қоғамдағы аналардың рөлін арттырып қана қоймай, өскелең ұрпаққа отбасы мен ананың қадірін ұғындыруға бағытталған. Шара барысында 101 анаға «Алтын алқа», ал 200 анаға «Күміс алқа» төсбелгілері салтанатты түрде табыс етілді. Әрбір марапат иесі – шаңырақтың шырағын жағып отырған, ел ертеңі – ұлт ұрпағын тәрбиелеуде зор үлес қосып жүрген тұлғалар.
Қала әкімдігі мен жауапты сала өкілдері көп балалы аналарды шын жүректен құттықтап, ізгі тілектерін арнады.
Марапат иелері де өз кезегінде мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлық пен құрметке ризашылықтарын білдіріп, аналарға жасалып жатқан әлеуметтік қолдаулар үшін алғыстарын айтты. Олардың пікірінше, мұндай марапаттар тек материалдық емес, ең алдымен рухани маңызға ие. Ол аналардың қоғамдағы мәртебесін арттырып, көп балалы болуға ынталандырады.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында 39 мыңнан астам көп балалы ана тұрады. Соның ішінде 4 мыңға жуық ана – «Алтын алқа», ал 12 мыңға жуық ана – «Күміс алқа» иегері. Бұл көрсеткіш мегаполистегі демографиялық өсімнің тұрақты екенін дәлелдейді. Сонымен қатар, қала әкімдігі тарапынан көп балалы аналарды әлеуметтік қолдау бағытында түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Олардың ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету, жәрдемақы тағайындау, балалардың білім және денсаулық саласындағы қажеттіліктерін өтеу секілді кешенді шаралар бар.
Аналардың еңбегін дәріптеу – ұлттың рухани іргетасын нығайту. Өйткені ана – отбасының ғана емес, тұтас қоғамның тәрбие мектебі. Сол себепті Шымкент қаласында дәстүрлі түрде аналарға құрмет көрсету, оларға қолдау көрсету ісі жалғасын табуда.
Марапатталған аналардың жүзінен қуаныш пен мақтаныш сезімі байқалды. Бұл – олардың өмір жолындағы адал еңбегінің, бала тәрбиесіндегі табандылығының нәтижесі. Әрбір марапат – олардың жүрегіндегі аналық мейірім мен еңбектің символы іспетті.
Шымкент – көп балалы аналар саны жөнінен республикада алдыңғы қатарда. Бұл – қаланың әлеуметтік ахуалының тұрақтылығын, тұрғындардың отбасылық құндылықтарға деген көзқарасының биіктігін көрсетеді. Осындай мерейлі сәттерде марапат иелерінің қуанышына ортақтасқан жұртшылық аналарға шексіз құрмет білдіріп, олардың өмірі мен еңбегінен үлгі алуға шақырды.
Шара соңында ұйымдастырушылар аналарға гүл шоқтарын табыстап, мерекелік концерт қойды. Бұл күн – тек марапаттау рәсімі ғана емес, аналардың қоғамдағы орнын, олардың еңбегінің өлшеусіз екенін тағы бір мәрте дәлелдеген мейірім мен ризашылық мерекесіне айналды.


