14 наурыз – Көрісу күніне орай Шымкент қаласындағы ірі сауда ойын-сауық орталықтарында мерекелік шаралар ұйымдастырылды.
Ұлттық дәстүрді дәріптеуге бағытталған іс-шаралар таңертеңнен басталды. Театр әртістері ірі сауда орталықтарында халық әндерін орындап, жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Биылғы Көрісу мерекесі ел бойынша кең көлемде атап өтілуде. Бұл мереке наурыздың қарсаңында адамдардың бір-бірімен жүздесіп, амандық-саулық сұрасып, үлкендердің батасын алуымен ерекшеленеді. Көрісу күні тек амандасу рәсімі емес, ол – бауырмалдық пен сыйластықтың белгісі, көптен көріспеген жандардың жүздесуіне себеп болатын маңызды күн.
Шымкенттіктер бұл мерекенің кең көлемде атап өтілуін құптап отыр. Сауда орталықтарына жиналған тұрғындар бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, ұлттық әндерді тыңдап, ортақ мейрамның шаттығын сезінуде. Ұйымдастырушылар бұл шара халықтың дәстүрге деген қызығушылығын арттырып, Көрісу күнінің мәнін тереңірек түсінуге көмектеседі деп сенеді.
Жалпы, бұл күн – адамдарды жақындастыратын, өткенге көз жүгіртіп, жаңа күнге үмітпен қарауға шақыратын маңызды мейрам. Ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған мұндай дәстүрлерді дәріптеу – ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың жарқын көрінісі.