Шымкентте мәслихаттың жылдық қорытынды сессиясы өтті

0
194

2024 жылы қаланың барлық экономикалық салаларында оң өзгерістер байқалды.


Шымкентте мәслихаттың жылдық қорытынды сессиясы өтті

Бүгін Шымкент қаласы мәслихатының кезекті жиырма үшінші сессиясы өтті.

Бұл жиында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков өзіне жүктелген міндеттер мен функциялардың орындалуы бойынша есеп беріп, қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндады.

Әкімнің айтуынша, 2024 жылы қаланың барлық экономикалық салаларында оң өзгерістер байқалды. Жылдың 10 айының қорытындысы бойынша, Шымкент экономикасы 12%-ға өсті. Бұл көрсеткіш республика бойынша алдыңғы қатарда. Оның ішінде, тартылған инвестиция 9 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 27 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 42 пайызға, сауда көлемі 19 пайызға, көлік қызметі 26 пайызға, өнеркәсіптегі өнім көлемі 2 пайызға артты. Биыл көшелерді жарықтандыру көлемі едәуір артып, 1 528 көшеге жарықшамдар орнатылуда.
– Әрбір цифр құрғақ статистика емес, шынайы еңбектің көрсеткіші. Бұл жетістіктер – ортақ күш-жігеріміздің нәтижесі. Біз бұл жұмыстарды кезең-кезеңімен жалғастырып, 2027 жылға дейін нақты мақсаттарға қол жеткіземіз, – деді қала әкімі.
Сонымен қатар, әкім қаладағы газдандыру мәселесіне тоқталып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.
Сессия барысында аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев жаңадан сайланған депутат Муфтулла Қонақбаевты таныстырып, оған депутаттық куәлік пен төс белгі табыстады. Сондай-ақ, өз өтініші негізінде өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан Ноян Төлегеновтің орнына «Ақ жол» партиясының шешімімен Батырбек Әшірбаев депутат болып сайланды.
Қала әкімінің есебін депутаттар жоғары бағалап, бірауыздан мақұлдады. Сонымен бірге, күн тәртібіндегі маңызды мәселелерге қолдау білдіріп, бірқатар шешімдер қабылданды. Қала басшысы бұл сессияның маңызды нәтижелерге жеткенін атап өтіп, депутаттарға алғыс айтты.
Бөлісу