Шымкентте өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жалғасуда

0
80

Жауапты тұлғаларға бақылауды күшейтіп, жұмыстың сапалы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.


Шымкентте өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жалғасуда

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков қала аумағын аралау барысында бірқатар өндірістік және инфрақұрылымдық нысандардың жұмысымен танысты.

Атап айтқанда, «Тассай» индустриялық аймағында орналасқан «Электрозавод Сервис» ЖШС-нің қызметі қаралды. Кәсіпорын трансформаторлық қосалқы станциялар мен тарату құрылғыларын өндіреді. Жылдық өндірістік қуаты 3000 данаға дейін жетеді, 150 жұмыс орны құрылған.
Сондай-ақ Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында салынып жатқан жолайрық құрылысы таныстырылды. Жоба бекітілген кестеге сәйкес, барлық техникалық талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылуда.
Әрі қарай Абай ауданында кәріз коллекторының құрылыс барысы тексерілді. Жоба іске асқан жағдайда Төлеметов көшесінің бойындағы тұрғын үйлер кәріз жүйесіне қосылады. Жауапты мекемелерге нысанды уақытылы пайдалануға беру тапсырылды.
Бұдан бөлек Әл-Фараби ауданында «Danico» брендімен өнім шығаратын «Сабыр А.Д.» жеке кәсіпкерлігінің өндірістік цехтары қаралды. Кәсіпорын балаларға арналған киім мен тоқыма бұйымдар өндіреді. Жылдық өндіріс көлемі 120 мың данадан асады, 24 адам жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар Жангелдин көшесіндегі көпқабатты тұрғын үй ауласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылып жатқан қоғамдық кеңістік құрылысы қаралды. Жоба аясында аумақты көгалдандыру, балалар және спорт алаңдарын орнату, шағын футбол алаңын жаңарту және автотұрақ ұйымдастыру көзделген. Мердігер ұйымға жұмыстардың сапасы мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау тапсырылды.
Аралау соңында Мұз сарайындағы ағымдағы жөндеу жұмыстары тексерілді. Қазіргі таңда шатыр мен қабырғаларды жылу оқшаулау жұмыстары жүргізілуде. Бұл мұз алаңындағы тұрақты температуралық режимді қамтамасыз етуге бағытталған. Жауапты тұлғаларға бақылауды күшейтіп, жұмыстың сапалы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Бөлісу