Бұрынғы прокурордың өз қолымен өлтірген әйелі екенің ортақ ұлдары қазір нағашыларының қолында. Баланың ары қарайғы тағдырын қамқоршылық органдары шешетін болады.
Шымкент қалалық мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотында қоғам назарын аудартқан қылмыстық іске нүкте қойылды. Сот үкімімен бұрынғы прокурор темір тоорға тоғытылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Биылғы жылдың мамыр айының 11-ші жұлдызында Шымкенттегі М.Әуезов атындағы ОҚМУ де күйеуі өз әйелін пышақтап өлтірген болатын. Пышақ жүрек қалташасы, бауыры секілді маңызды мүшелерін зақымдап, жәбірленуші әйел ауруханада ота бөлмесіне жетпей қайтыс болады. Оқиға орнынан бой тасаламақ болған экс-прокурорды университет студенттері мен оқытушылары қуып жақын маңдағы полиция тірегіне ұстап апарған.
Сотталушы мен жәбірленушінің екеуінің ортақ бір жарым жасар ұлы бар. Прокурордың да, жәбірленушінің де бұл екінші некесі көрінеді. Бірінші әйелімен де айқай-шу, араздасып ажырасқан экс прокурордың бірінші некеден үш перзенті бар. Үшеуі де жасы кәмелетке толмаған балалар. 31 жастағы марқұм екінші әйелінің бұрынғы күйеуінен екі баласы болған. Экс-прокурор мен жәбірленуші 2015 жылдан бастап некеде тұрған. Қызғаныш, түсінбеушілік жиі орын алған жұбайлар ажырасу туралы сотқа бірнеше рет арызданған көрінеді. Соңғы рет осы жылдың сәуір айында жәбірленуші ажырасу туралы сотқа арызданған. Қанды оқиғадан бір күн бұрын ғана сотқа келу тиіс болған ерлі-зайыптының екеуі де сотқа бармаған. Отбасын сақтап қалғысы келген сотталушы марқұм әйелімен қайта қосылмақ болғанын айтқан.
"Марқұм жәбірленуші әйелімен бірге несиеге алған пәтерін жалға берген. Қанды оқиға болған күннен бірнеше күн бұрын жалға берген пәтеріне барып, өз заттарын алып кеткен. Әйеліне сұғып алған пышақ та сол кезде қалтасында қалып кеткен. 11 мамыр күні де сол пышақ қалтасында болған. Сотта пышақты қасақана әдейілеп өлтіру үшін алғандығы дәлелденген жоқ", - дейді Шымкент қалалық мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы Әбинұр Қарабаев.
Сотқа дейінгі тергеп тексеру кезінде экс прокурор өзін өзі бір емес, бірнеше рет өлтірмек болған. Тергеу изоляторында сотталушымен психологтар жұмыс істеген көрінеді. Тергеу кезінде сотталушыға ҚР ҚК нің 99 бабы, 2-ші бөлігімен, яғни бұзақылық ниетте адам өлтіру бабы бойынша айып тағылған. Алайда сот қылмыстық істі қайта саралап, экс прокурорды ҚР ҚК нің 99 бабы, 1-ші бөлігімен қасақана кісі өлтірді деп кінәлі деп тауып, 11 жылға бас бостандығынан айырды.
Айта кетейік, жәбірленуші тарап сотталушыға кешірім бермеген. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ, тараптардың жоғары сот сатыларына шағым келтіруге құқы бар.