​ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «RESPUBLICA ASYQ ATU» ТУРНИРІ ӨТТІ

0
402

«Respublica Asyq Atu» турнирі спортшыларды, олардың жанкүйерлерін, көптеген көрермендерді және құрметті қонақтарды біріктіріп, ұлттық рухтың нағыз мерекесіне айналды. Финалдық ойындар барысындағы шиеленісті сәттер, әрбір дәл атылған асық пен жеңістің қуанышы алаңдағы атмосфераны ерекшелендіре түсті.


​ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «RESPUBLICA ASYQ ATU» ТУРНИРІ ӨТТІ

Шымкент қаласы Қазақстанның басты мерекесі – Республика күні қарсаңында ұлттық спортты дәріптеудің үлкен алаңына айналды. Дәл осы күні көне ұлттық спорт түрлерінің бірі – асық атудан еліміздегі ең ірі әрі беделді жарыс – екінші республикалық «Respublica Asyq Atu» турнирінің финалы жоғары деңгейде өтті.

Бас жүлде – жеңіл автокөлік үшін Қазақстанның барлық өңірінен келген 40 үздік ойыншы бақ сынады. Бұл дода асық ату спортының еліміздегі қайта өрлеу кезеңіндегі маңызды оқиғалардың бірі болды.

«Respublica Asyq Atu» турнирі спортшыларды, олардың жанкүйерлерін, көптеген көрермендерді және құрметті қонақтарды біріктіріп, ұлттық рухтың нағыз мерекесіне айналды. Финалдық ойындар барысындағы шиеленісті сәттер, әрбір дәл атылған асық пен жеңістің қуанышы алаңдағы атмосфераны ерекшелендіре түсті. Сонымен қатар, мерекелік концерттік бағдарлама, ұлттық спорт түрлерінен арнайы ұйымдастырылған шеберлік сабақтары мыңдаған қала тұрғындары мен қала қонақтарын жинады.

Салтанатты іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, әрі Қазақстан Республикасы Асық ату федерациясының президенті Олжас Құспеков сөз сөйлеп, ұлттық спорттың мәні мен маңызына тоқталды:

«Бүгін асық ойыны арқылы біз өзіміздің түп-тамырымызға, ұлттың рухани коды мен дәстүріне қайта ораламыз. Асық ату – бұл тек ойын ғана емес, барлық ұлттық спорт түрінің бастауы. Оның тарихы ғасырлар қойнауынан бастау алады және халқымыздың тұрмысымен тығыз байланысты. Бүгінгі турнир ұлттық спорттың халықтық құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Біз асық атуды тек қана тарихи дәстүр ретінде емес, қоғамды біріктіретін заманауи мәдени құбылыс, жастардың қызығушылығын арттыратын қозғалыс ретінде дамытқымыз келеді. Себебі, ұлттық спорт – жай ғана тренд емес. Ол – ұлттың болмысы, рухы мен патриотизмінің қайнар көзі,» – деді Олжас Құспеков.

Турнирдің финалдық кезеңі Қазақстанның бірлігін, ұлттық спортқа деген құрметін және жас ұрпақтың тарихқа деген қызығушылығын арттырудағы маңызын айқын көрсетті. Шымкент қаласы асық ату турнирін өткізу арқылы ұлттық құндылықтарды ұлықтаудағы өз рөлін нығайта түсті.