​Шымкентте TEDx форматындағы ашық кездесу өтті

0
61

Іс-шараның негізгі мақсаты – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және қаржылық шығындардың алдын алуға көмектесетін дағдыларды қалыптастыру.


​Шымкентте TEDx форматындағы ашық кездесу өтті

Шымкент қаласындағы «Shymkent Plaza» сауда-ойын-сауық орталығының алаңында Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ашық диалог форматында ерекше іс-шара ұйымдастырды.

«Заң және тәртіп» қағидаты аясында өткен кездесуде ведомство қызметкерлері және танымал блогер Ақжан Байтасова қала тұрғындарына қаржылық қауіпсіздік негіздері мен тұрғындар арасында жиі кездесетін қателіктер туралы айтты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және қаржылық шығындардың алдын алуға көмектесетін дағдыларды қалыптастыру.
Ұйымдастырушылар ресми форматтан бас тартып, TEDx үлгісіндегі еркін форматты таңдаған. Ведомство өкілдерінің айтуынша, мұндай «интеллектуалды стендап» әртүрлі жастағы аудиторияға маңызды ақпаратты тиімді жеткізуге мүмкіндік береді.
«Қызметкерлеріміз өз тәжірибесіне сүйене отырып, қандай әрекеттер дұрыс, қайсысынан аулақ болу қажет екенін түсіндіреді. Бұл – экономикалық лайфхактар. Мәселен, қала тұрғындары “Gold” атауымен таралған қаржылық пирамидалар толқынын жақсы біледі. Алайда, кейбір мәселелерден бейхабар. Біз қоғамда пайда болған жаңа алаяқтық іс-әрекеттердің белгілерін, сондай-ақ неге назар аудару қажеттігін түсіндіруіміз керек», – деді департамент өкілдері.
Сонымен қатар, спикерлер жастар арасындағы шамадан тыс несие жүктемесі мен микроқаржы ұйымдарының қызметіне қатысты мәселелерді қозғады. Танымал блогер Ақжан Байтасова қала тұрғындарымен табысқа жету тәжірибесімен бөлісті. Ол қаржылық тәуелсіздік ең алдымен тәртіп пен шығындарды жоспарлай білуден басталатынын, жоспарланбаған шығындардан аулақ болу маңызды екенін атап өтті.
Кездесу барысында «ашық микрофон» айдары ұйымдастырылып, қала тұрғындары жауапты мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қою мүмкіндігіне ие болды. Волонтерлер қауіпсіздікке қатысты жадынамалар таратып, викторинаға белсенді қатысқан азаматтарға естелік сыйлықтар табысталды.
Бөлісу