Жүйе туристердің қауіпсіздігін арттырады және қажет жағдайда туристік полициямен жедел байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Шымкент қаласы өзінің туристік инфрақұрылымын жаңғырту және келген қонақтарға заманауи, жедел әрі қауіпсіз қызмет көрсету мақсатында жаңа QR-қызметті іске қосты. Бұл инновациялық жүйе қалаға келген туристердің сапарын жеңілдетіп қана қоймай, олардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Бұл туристік бастаманың іске қосылғаны туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек БАҚ өкілдеріне кеңінен тарқатып айтып берді.
Жаңадан енгізілген QR-қызмет туристерге арналған ақпаратқа қол жеткізуді барынша жеңілдетуді көздейді. Енді қала қонақтары туристік орындарда, қонақүйлерде немесе әуежайда орнатылған арнайы QR-кодты ұялы телефондары арқылы сканерлейді. Ашылған онлайн формаға қажетті мәліметтерді енгізеді. Осы арқылы туристік бағыттар, қаладағы қызмет көрсету орындары, мәдени және тарихи орындар, сондай-ақ сапарға қажетті басқа да маңызды ақпараттарды оңай және жедел ала алады.
Бұл жүйе ақпараттық кедергілерді жойып, туристік ақпараттық орталықтарға бару қажеттілігін азайтады.
Бұл жобаның ең маңызды артықшылығы – туристердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталуы. Егер туристер күтпеген немесе қауіпті жағдайға тап болса, жаңа жүйе оларға туристік полициямен жедел байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Онлайн формада толтырылған ақпарат автоматты түрде жауапты органдарға жіберіледі. Бұл жағдайға байланысты жедел шаралар қабылдауға және туристік полицияның оқиға орнына тез жетуіне көмектеседі.
Қала әкімінің орынбасары бұл жүйенің туристерге ыңғайлы әрі сенімді қызмет ұсынатынын атап өтті. Ақпараттың жауапты органдарға бірден түсуі кез келген төтенше жағдайдың алдын алуға және оны тез арада шешуге мүмкіндік береді.
Шымкент қаласының бұл жаңа қадамы туристік инфрақұрылымды цифрландыру арқылы қызмет сапасын арттырып, Қазақстанның туристік картасындағы қауіпсіз және тартымды қалалардың бірі ретіндегі имиджін нығайта түспек. Бұл бастама қалаға келетін ішкі және сыртқы туристер санын арттыруға үлкен үлес қосады деп күтілуде.


