Шымкентте залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді

0
559

Атап айтқанда масаға қарсы дәрі бүрку жұмыстарының екінші кезеңі жүзеге асырылды.


Шымкентте залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді

Шымкент қаласында залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Атап айтқанда масаға қарсы дәрі бүрку жұмыстарының екінші кезеңі жүзеге асырылды. Жалпы, қалада мұндай залалсыздандыру жұмыстарының 4 кезеңі жоспарланған. Бұған қоса кеміргіштерге қарсы күрес те қатар жүргізілуде.
Жауапты мамандар дендросаябақ пен «Қасірет» мемориялы секілді адамдар көп жүретін қоғамдық орындар аумағында залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Мұндағы жолдардың бойына арнайы техникамен дәрі бүркілді.
Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы өкілдерінің мәліметінше, бұл дәрі тек масаға әсер етеді, адамдар мен құстарға зиянды әсері жоқ.
Қаламызда биыл бірінші рет қолға алынған масаға қарсы дәрілеу жұмыстарына сәйкес, жалпы аумағы 4 млн шаршы метрге жуық жерді өңдеуден өткізу жоспарланған. Оның ішінде 1,3 млн шаршы метр – өзен-каналдар аумағы, 2,3 млн шаршы метр – саябақтар аумағы, ал қалған 855 мың шаршы метр – гүлзарлар мен аллеялар аумағы. Залалсыздандыру жұмыстары жаз бойы жүргізіледі. Саябақтар мен гүлзарлардағы тиісті жұмысты – бір мекеме, ал өзен-каналдар аумағында екінші мекеме жүргізеді, – деді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров.
Мамандардың айтуынша, бұған қоса, қала аумағындағы кеміргіштерге қарсы улау және ауыл шаруашылығы жануарларының энзоотиялық ауруларына қарсы жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде жылқы мен шошқаға дәрі бүркілсе, уақ мал арнайы сұйықтыққа тоғытылады, қора-жайлар мен буферлік аумақтарға дәрі бүркіледі.