Қазіргі уақытта қылмыстық істер сотта қаралуда.
иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден
Шымкент қаласы бойынша Экономикалык тергеп-тексеру департаменті жалған шот-фактураларды жазып берумен айналысатын екі қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
8 адамнан тұратын қылмыстық топтардың бірі 2018-2020 жылдар аралығында контрагент кәсіпорындарға материалдық сыйақы үшін жалған бухгалтерлік құжаттар жазып берумен айналысқан.
Қылмыстық схеманың негізгі ұйымдастырушысының үйінде құжаттары мен мөрлері табылған 16 шаруашылық жүргізуші субъектіге осы ҰҚТ-ның қатысы бар екендігі анықталды.
Екінші қылмыстық топ бір күндік 21 компанияның атынан тауарлар мен қызметтерді жеткізуге ұқсас жалған мәмілелер жасасқан. Бұл ретте, шарттар бойынша жұмыс көлемі іс жүзінде орындалмаған.
Нәтижесінде мемлекетке 3,1 млрд. теңге сомасына салық төленген жоқ. Қазіргі уақытта қылмыстық істер сотта қаралуда.