Елімізде көкөніс пен бірқатар азық-түлік өнімдерінің бағасы арзандады

0
114

22 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік тауарлары бағасының төмендеуі байқалды.


Елімізде көкөніс пен бірқатар азық-түлік өнімдерінің бағасы арзандады

Фото: Inbusiness.kz коллажы

ERNUR.KZ. Қиярдың бағасы 4,3% арзандады. Сонымен қатар қырыққабат (1,5%), картоп (1,4%), қызанақ (0,8%), алма (0,7%), пияз (0,4%), сүзбе (0,3%), күріш, қарақұмық жармасы, қатты және жартылай қатты ірімшік, тұз (0,1%) бойынша бағалардың төмендеуі байқалды, деп жазады inbusiness.kz.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, есепті аптада бірінші сұрыпты бидай ұны, бірінші сұрыпты бидай ұнынан дайындалған нан, сүт (пастерленген, ультрапастерленген, 2,2%-дан 6% дейінгі майлылықтағы стерильденген сүт), қаймақ және сары май бағасы өзгеріссіз қалды.

Өңірлік бөліністе еліміздің бірқатар қалаларында дефляциялық динамика байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға деңгейі бір апта ішінде Қонаев, Өскемен және Талдықорған қалаларында 0,4%, Ақтөбеде 0,2%, Алматы, Ақтау, Атырау, Қостанай, Қызылорда, Орал және Түркістан қалаларында 0,1% төмендеді.

Астана, Жезқазған, Қарағанды, Петропавл, Семей және Тараз қалаларында бағалар өткен апта деңгейінде сақталды.

Республика бойынша қиярдың орташа бағасы бір келісіне 502 теңгені құрады. Ең төмен баға Тараз қаласында тіркелді – бір келісі 339 теңге.

Тазартылған күріштің орташа республикалық бағасы келісіне 533 теңге деңгейінде қалыптасты. Ең қолжетімді бағалар Қызылорда қаласында – 456 теңге және Ақтау қаласында – 472 теңге болды.

Еліміз бойынша картоптың орташа бағасы келісіне 283 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістан қаласында тіркелді – бір келісі 218 теңге.

Республика бойынша I санаттағы 10 жұмыртқаның орташа бағасы 564 теңгені құрады. Ең төмен бағалар Қызылорда қаласында (464 теңге) және Орал қаласында (471 теңге) байқалды.

Ет өнімдері бойынша республикадағы орташа бағалар: сүйекті сиыр еті – келісіне 3775 теңге, тауық еті – келісі 1758 теңге.