“Тергеу басталды“. Қорғаныс министрлігі құрылыс алаңындағы сарбаздардың видеосын түсіндірді

0
111

Желіде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан сарбаздардың видеосы пайда болды.


“Тергеу басталды“. Қорғаныс министрлігі құрылыс алаңындағы сарбаздардың видеосын түсіндірді

Кескін нейрожелі көмегімен жасалған

ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде әскери киімдегі адамдар жеке учаскеде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр делінген видео тарады. Қорғаныс министрлігі жағдайға қатысты пікір білдірді, деп жазады tengrinews.kz.

"Түсініксіз нысан салып жатыр"

Желіде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан сарбаздардың видеосы пайда болды. Кадрларда әскери киім киген бір топ жас жігіт жүк көлігімен бара жатқаны, кейін олар құрылыс алаңында жұмыс істеп жатқаны көрсетілген.

"Құзырлы органдар әскери киімдегі жастар неге түсініксіз нысан құрылысымен айналысып жатқанын түсіндіреді деп үміттенеміз", – делінген видео сипаттамасында.

Қорғаныс министрлігі видеоны қалай түсіндірді?

Қорғаныс министрлігі жарияланған ролик екі түрлі эпизодтан құралғанын мәлімдеді.

  • Ведомство мәліметінше, алғашқы кадрлар Шымкенттегі Әскери-техникалық мектеп тыңдаушыларының әскери техникамен тактикалық оқуға шығуы кезінде түсірілген.
  • Екінші бөлімде мектеп аумағындағы "парк-шаруашылық күні" көрсетілген. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, кадрларда курсанттар оқу орны аумағын абаттандырып, тазалап жатқан.

Жағдайға қатысты Шымкент әскери-техникалық мектебі оқытушыларының бірі де пікір білдірді. Ол мектеп тәрбиеленушілері әдеттегі сенбілік тазалық жұмыстарын жүргізгенін айтты.

"Алғашқы кадр жеке құрамның далалық шығудан, оқу-жаттығу атыстарынан оралуы кезінде түсірілген. Екінші кадр бойынша мектеп аумағында парк-шаруашылық күні өткізілетін орынды көрсеткім келеді. Екінші кадрға сәйкес, (міне – ред. еск.) парк-шаруашылық күнін өткізу орны. Әр сенбі сайын осы жерде іс-шаралар өткізіліп тұрады", – деді запастағы майор.

Қорғаныс министрлігі видеосынан кадр

Министрлік қызметтік тергеу бастады

Осы түсіндірмелерге қарамастан, Қорғаныс министрлігі командирлердің тыңдаушыларды тазалық жұмыстарына тарту кезінде барлық ережені сақтаған-сақтамағанын анықтау үшін қызметтік тексеріс бастады.

"Қорғаныс министрлігі тыңдаушыларды аталған жұмыстарды орындауға тарту тәртібінің сақталуын тексеру үшін қызметтік тергеу тағайындады. Тексеріс нәтижесі бойынша лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда кінәлі адамдар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады", – деп түйіндеді ведомство.

Бұған дейін Қазақстанда әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алу ережелері жаңартылғаны белгілі болды. Енді әскери қызметтен немесе әскери дайындықтан өтпеген азаматтарға бейбіт уақытта қағаз түріндегі әскери билет берілмейді.