​ЭПИЛЯЦИЯ: Лазерлік әлде электрлі – қай түрі тиімді?

0
186

Екі әдісті қатар қолдануға бола ма? Маманды қалай қателеспей таңдау керек?


​ЭПИЛЯЦИЯ: Лазерлік әлде электрлі – қай түрі тиімді?

Сурет: ЖИ

Мінсіз тегіс теріге ұмтылу жолында қыз-келіншектер қиын таңдауға жиі тап келеді. Солардың бірі – денедегі артық түктерден арылу үшін эпиляция жасау. Токпен тазарту ма, әлде жарық сәулесіне сену ме – қайсысы жақсы?

Лазерлік эпиляцияның да, электрлі түрінің де жарнамасы бір-бірінен кем түспейді. Алайда, таңдау барысында тек айтылған уәдеге емес, жан-жақты қырларына мән берген абзал. Өзіңізге мінсіз келетін әдісті табу үшін екі процедураның айырмашылығын, артықшылықтары мен кемшіліктерін егжей-тегжейлі талдап көрейік.


ЭЛЕКТРОЭПИЛЯЦИЯ – терідегі ұсақ түктерді электр тогының көмегімен жою. Фолликулаға (шаш түбіріне) жіңішке ине-электрод енгізіліп, ток беріледі. Жоғары температураның әсерінен түбір толығымен ыдырайды. Мұнда құралдың терімен және тері асты тіндерімен тікелей байланысы болады.


ЛАЗЕРЛІК ЭПИЛЯЦИЯ – бұл бағытталған лазер сәулесімен шашты жою. Шаштағы меланин пигменті жарық энергиясын жылуға айналдырады да, түбірді ыдыратады. Тіндердің ішіне ештеңе енбейді, тек аппараттың қондырғысы тері бетіне тиеді.


7 критерий бойынша салыстыру

1. Түк түрі мен нәтиже

Лазерлік эпиляция үшін шаш пен түктің контрасты маңызды. Егер теріңіз тотыққан (қараторы), ал денедегі қылшықтар ашық түсті болса, лазер нәтиже бере қоймайды. Оған қоса, лазердің түрін дұрыс таңдап, параметрлерді дәл баптау үшін тәжірибелі косметолог қажет.

Электроэпиляция үшін шаштың немесе терінің түсі маңызды емес. Ол кез келген шашты тиімді жояды. Мұндағы басты талап – маманның шеберлігі. Бұл тұрғыдан алғанда, есеп электроэпиляция жағында.


МАҢЫЗДЫ ЖАДЫНАМА! Процедураға қалай дайындалу керек?

Лазерлік эпиляция алдында: Сеансқа 1 күн қалғанда немесе процедура күні өңделетін аймақты ұстарамен толық тазалап қыру керек. Лазер шаштың тері үстіндегі бөлігін емес, тері астындағы түбірін (фолликуланы) көруі тиіс.

Электроэпиляция алдында: Керісінше, шашты қыруға болмайды! Шұқып, ток өткізетін ине түбірге дәл тиюі үшін шаштың ұзындығы кем дегенде 2–3 мм болуы шарт.


2. Процедураның ұзақтығы

Уақыт шығыны жағынан айырмашылық өте үлкен. Мәселен, лазермен тазартуға 5 минут қана кеткен аймақта электроэпиляция жасалса, 1-3 сағат күтуге тура келуі мүмкін.

Осы жағын ескерсек, алдыңғы есеп теңеседі.


3. Курстың ұзақтығы

Екі әдісте де шаш түбірі мен оны қоректендіретін тамырлар жойылатындықтан, сондай-ақ тек көзге көрінетін (белсенді өсу фазасындағы) шаштар өңделетіндіктен, курстың ұзақтығы жеке ерекшеліктерге байланысты. Ол өңделетін аймаққа, жасқа (гормоналды фонға) және косметологтың адалдығына байланысты. Сондықтан бул пунктте ешқайсына басымдық бере алмаспыз.


ҒАЛЫМДАР ТҰЖЫРЫМЫ

Journal of the American Academy of Dermatology немесе Dermatologic Surgery журналдарында александрит лазері мен электроэпиляцияны салыстырған шағын топтық зерттеулер бар. Оған 12 пациент қатысқан. Зерттеу нәтижелері төмендегідей:

Электрлі эпиляция:

      • Процедура 3 апта сайын 4 рет жасалды.
      • Алғашқы процедурадан кейін 6 ай өткен соң түктердің 35%-ы жойылған.
      • Лазерлік эпиляция (александрит лазері):
      • Процедура 4 апта сайын 3 рет жасалды.
      • Алғашқы процедурадан кейін 6 ай өткен соң түктердің 74%-ы жойылған.
      • Әрбір сеанс электрлі эпиляциямен салыстырғанда 60 есе жылдам орындалған.

Алайда бұл зерттеудің белгілі бір шектеулері бар. Екі әдіс бойынша да нәтижелер түктің табиғи өсу циклдері ескерілмей бағаланғандықтан, алынған көрсеткіштердің ғылыми дәлдігі шектеулі.

Мысалы, қолтықтағы барлық түктерді толық өңдеу үшін шамамен 28 апта қажет. Бұл уақыт түктің анаген (белсенді өсу) және телоген (тыныштық) кезеңдерінің жалпы ұзақтығына сәйкес келеді. Ал зерттеуде бақылау мерзімі небәрі 12 аптамен шектелген.

Сонымен қатар, өңдеу аяқталғаннан кейін кемінде бір толық түк өсу циклі өткенін күту маңызды. Себебі лазерлік эпиляция алғашқы кезеңде түктің өсу қарқынын баяулатады, сондықтан нәтижені ерте бағалау әдістің нақты тиімділігін толық көрсете алмауы мүмкін.


4. Шаш мәңгілікке жоғала ма?

АҚШ-тың FDA мекемесі лазерлік эпиляцияға қатысты «шашты мәңгілікке жою» терминін қолдануға шектеу қойғанымен, бұл шектеу бір процедураға қатысты. Бір сеанста шаштан мәңгіге арылу мүмкін емес, ол үшін толық курстан өткен жөн.

Бұл жағынан да екі әдістің бірін артық, бірін кем дей алмаймыз.


САРАПШЫ ЕСКЕРТУІ. Гормоналды фон және эпиляция

Тұтынушылар арасында «Курсты толық аяқтасам да шаш қайта өсіп кетті» деген шағымдар жиі кездеседі. Оның себебін эндокринологтар былай түсіндіреді.

Егер сізде гормоналды ауытқулар болса (мысалы, гиперандрогения немесе поликистоз сияқты жағдайлар), лазер де, электроэпиляция да уақытша ғана нәтиже беруі мүмкін. Сондықтан эпиляция курсын бастамас бұрын, қажет болса, эндокринолог немесе гинеколог консультациясынан өткен жөн.


5. Ауырсыну сезімі

Электроэпиляцияны жергілікті анестезиясыз жасатуға келісетіндер кемде-кем. Әрбір шашқа ине сұғу, әсіресе сезімтал аймақтарда өте ауыр тиеді.

Заманауи лазерлік аппараттарда салқындату жүйелері бар, соның арқасында процедура жайлы әрі мүлдем ауырсынусыз өтеді. Осы тұста лазерлік эпиляцияға тағы бір ұпай беруге болады.


ЛАЙФХАК! Ауырсынуды қалай азайтуға болады?

Эстетикалық процедураларда жайлылық маңызды. Мынадай шағын кеңестер ұсына аламыз.

Циклді ескеріңіз. Эпиляцияны менструация кезінде немесе одан 2-3 күн бұрын жасатпаған дұрыс. Бұл кезде терінің сезімталдығы жоғары болады. Ең ыңғайлы уақыт – менструация аяқталғаннан кейінгі алғашқы күндер.

Кофеиннен бас тартыңыз. Процедураға барар алдында кофе немесе энергетик ішпеңіз. Кофеин жүйке жүйесін қоздырып, ауырсынуды арттыруы мүмкін.


6. Процедурадан кейінгі терінің күйі

Электроэпиляциядан кейін кейде (әсіресе ерін үсті мен интимдік аймақтарда) ұсақ дақтар немесе тыртықтар қалуы мүмкін. Ал лазерлік эпиляцияда, егер маман тәжірибесіз болса, күйік қалу қаупі бар.

Бұл тұрғыда қайсыбіріне ұпай беру орынсыз болар еді, артық-кемін әркім өзі өлшеп-пішер.


7. Бағасы

Әдетте электроэпиляция лазерге қарағанда арзанырақ әрі қолжетімді.


ҚАРСЫ КӨРСЕТІЛІМ

Екі әдістің де қарсы көрсетілімдері ұқсас:

  • Жүктілік және емізу кезеңі;
  • Терінің созылмалы ауруларының асқынуы;
  • Вирустық және инфекциялық аурулар;
  • Қантамырдың варикозды кеңеюі.

Қарсы көрсетілімдер болмаса, лазерді таңдаған ыңғайлы, өйткені ол:

  • Теріні азырақ жарақаттайды;
  • Күйік шалу қаупі төмен;
  • Қабыну, тітіркену немесе тыртық түсу қаупі аз.


Екі әдісті қатар қолдануға бола ма?

Лазерлік және электрлі эпиляцияны қатар жасауға бола ма? Теориялық тұрғыдан бұл мүмкін болғанымен, мамандар мұндай тәсілді ұсынбайды. Егер сіз түктерді жоюдың бір әдісін бастап қойған болсаңыз, оны екінші әдіспен алмастырып немесе қатар жүргізудің қажеті жоқ.

Мысалы, лазерлік эпиляциядан кейін электрлі эпиляция әлдеқайда тиімді болады деген пікірдің ғылыми дәлелі жоқ. Сол сияқты электрлі эпиляциядан кейін лазерлік эпиляция қосымша нәтиже береді деген тұжырым да ғылыми зерттеулермен расталмаған.

Өйткені екі әдіс те негізінен белсенді өсу (анаген) кезеңіндегі түктерге әсер етеді. Сондықтан оларды біріктіріп қолдану қосымша артықшылық немесе тиімділік бермейді.

Сонымен қатар, әрбір эпиляция әдісінің өзіндік емдеу хаттамасы мен шектеулері бар. Процедуралар курсы кезінде басқа эпиляция тәсілдерін қолдануға белгілі бір шектеулер қойылады. Осы себепті мамандар лазерлік және электрлі эпиляцияны бір курста қатар жүргізуге кеңес бермейді. Бір әдісті таңдап, сол курсты толық аяқтаған дұрыс.


РЕДАКЦИЯ КЕҢЕСІ. Маманды қалай қателеспей таңдау керек?

Серттеу мен лицензия. Клиниканың немесе салонның медициналық лицензиясы бар ма, маманның арнайы сертификаты бар ма — соны сұраудан тартынбаңыз.

Аппараттың аты мен паспорты. Лазерлік эпиляцияға барарда аппараттың моделін сұраңыз. Арзан, белгісіз қытайлық аппараттар шашты жоймайды, тек «ұйықтатып» қояды немесе теріні күйдіруі мүмкін.

Сынақ сеансы (Тест-вспышка). Жақсы клиникалар процедура алдында терінің лазерге немесе токқа реакциясын тексеру үшін кішкентай аймаққа тестілік тексеру жасайды.

Теріге арналған күтім ережелері

Қай әдісті таңдасаңыз да, процедурадан кейін мына ережелерді сақтаңыз:

  • Алғашқы 24 сағатта түгі алынған аймаққа су тигізбеңіз.
  • 2–3 күн бойы бассейнге, моншаға немесе саунаға бармаңыз.
  • Эпиляция курсын алып жүргенде күн сәулесінен барынша қорғаныңыз, күннен қорғайтын крем (SPF) қолданыңыз.
  • Күнделікті күтімде теріні ылғалдандыру мен жұмсартуға баса назар аударыңыз.

Ханбибі ОРАЛ,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

БАССЕЙНдегі хлордан ШАШТЫ қалай қорғауға болады?
Күнге күйіп қалдыңыз ба? «Бепантен» көмектеседі