Шымкентте жаңа индустриалды аймақ ашылады

0
2 545

Жоба аясында 1000 жаңа жұмыс орны мен 20 жоба жүзеге аспақ.


Шымкентте жаңа индустриалды аймақ ашылады

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкент қаласында «Жұлдыз» индустриалды аймағын құру жұмыстары басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Атап өтсек, дәл қазіргі уақытта Шымкент қаласында 2 индустриалды және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы бар. Енді олардың қатарына аймақ учаскелерін толық жобалармен қамтып, әрі қарай дамыту мақсатында құру жұмыстары басталып кеткен «Жұлдыз» индустриалды аймағы қосылады. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифинг барысында Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дүйсебеков Береке айтып берді. Ол айтқан ақпаратқа сүйенсек, жаңа жоба аясында 2021-2023 жылдары құны 20 млрд.теңгені құрайтын 1000 жаңа жұмыс орны және 20 жоба жүзеге асатын болады.

Сондай-ақ, Шымкент қаласында құрылған 92 гектар Көлік-логистикалық аймағында 33 млрд.теңгеге 6 инвестициялық жоба іске асырылуда.

«Оның ішінде 13 млрд.теңгеге 2 жоба: «Kazakhstan Logistic group» ЖШС (5,9 млрд.теңге) және «Continental Logistics Shymkent» ЖШС (7 млрд.теңге) іске қосылды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия елдерінен келген ет, азық-түлік өнімдері сақталып, ішкі нарыққа таратылып жатыр», - дейді Б.Дүйсебеков.

Айта кетейік, жалпы индустриалды аймақтар құрылғалы бері бюджетке 10,9 млрд. теңге салық түскен. Оның ішінде 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында «Оңтүстік» индустриалды аймағы қатысушыларынан 1,3 млрд. теңге, ал «Тассай» индустриалды аймағы қатысушыларынан 96,8 млн. теңге салық төленген.