Шымкентте «Жазғы парасаттылық мектебі» жұмыс істеп жатыр

0
2 431

Бүгінгі таңда қаланың барлық мектептерінде 46 мыңға жуық оқушы мүшесі бар «Адал ұрпақ» мектеп клубтары жұмыс істейді.


Шымкентте «Жазғы парасаттылық мектебі» жұмыс істеп жатыр

Шымкент қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы А.Жұмағали оқушылармен кездесіп, парасаттылық қағидаларын түсіндірді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастамасымен «Шымкент-адалдық алаңы» жобасы аясында қалалық білім басқармасымен бірлесіп «Ақсу» лагерінің тәрбиеленушілерімен кездесу өтті. Аталған іс-шараның мақсаты – балаларды парасаттылық, адалдық және ашықтық негіздеріне үйрету.

Мектеп оқушыларымен тілдескен Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы А.Жұмағали 2019 жыл біздің еліміз үшін ерекше жыл екенін, себебі Елбасы жастар жылы деп жариялағанын атап өтті.

«Еліміздің басты байлығы Сіздер, біздің балаларымыз, біздің жас ұрпағымыз. Қазақстанның құрылуы, дамуы және жетістікке жетуі барлығымызға байланысты. Бұл мәселеде парасаттылықтың маңызы өте үлкен. Балалық шақтан бастап біз адал және әділ болуға, бар ынтамызбен оқып, дамуға тиістіміз», - деді Асхат Жұмағалиұлы.

Сонымен қатар, Департамент басшысы іс-шара барысында оқушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді және балалар патриоттық әндер орындап, флешмоб, асфальтта сурет салу байқаулары өткізілді.

Айта кетейік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, парасаттылық пен адалдық принциптерін нығайту мақсатында бүгінгі таңда қаланың барлық мектептерінде 46 мыңға жуық оқушы мүшесі бар «Адал ұрпақ» мектеп клубтары жұмыс істейді.