23 наурыздан 24-не қараған түні қалада желдің екпінінен шатыр қирау туралы 11 хабарлама кеп түскен.
Шымкентте қатты желдің салдарынан көпқабатты тұрғын үйлер мен ғимараттардың шатырлары ұшып, кей шағынаудандар жарықсыз қалды деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Баннерлер құлап, аулаларда ағаш бұталары сынған. Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, 23 наурыздан 24-не қараған түні қалада желдің екпінінен шатыр қирау туралы 11 хабарлама кеп түскен.
Нақтырақ айтқанда, Абай ауданында 5 ғимараттың шатыры ұшқан, Қаратау ауданында мұндай 4 жағдай тіркелген, Еңбекші ауданында 2 ғимараттың шатыры зақымдалған.
Төтенше жағдай қызметкерлері оқиға орындарында шатырдың ілініп тұрған бөлшектерін түсіріп, профнастилді бұзып, үй шатырларын тексеріп шықты. Барлық жағдайларда үй тұрғындары үшін қауіп болмаған. Шатыры ұшқан үйлер мен ғимараттарда коммуналдық қызметтер қалпына келтіру жұмыстарын жүрзуде.
"Барлық оқиғаларға жедел түрде Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің құтқарушылары мен өрт сөндірушілері шықты. Сондай-ақ, ауа райының нашарлауына байланысты электр беру желілеріндегі іркілістер байқалды, соның салдарынан Шымкент қаласының 12 шағын ауданында электр энергиясы ішінара өшірілді. Электр желілерінің үзілуінің барлық салдары энергетика қызметінің жедел әрекеттерімен жойылды,"- деп мәлімдеді Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Қазгидрометтің мәліметінше, Шымкент қаласында наурыздың 24-25 аралығында солтүстік-шығыстан 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады.