Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласында халықты баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қолжетімді тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Құрылыс басқармасы тарапынан биыл көп қабатты 57 үй салынуда. Ондағы 3 592 пәтердің жалпы көлемі 283,5 мың шаршы метрді құрайды. Соның ішінде жыл соңына дейін 2412 пәтерлі 31 үйді пайдалануға беру жоспарлануда.
Қазіргі таңда 972 пәтерлі 12 үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылды.
Атап айтқанда, Ақжайық шағынауданында 5 үй, Бозарық шағынауданында 7 үй беріліп отыр. Қалған 19 үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, ел игілігіне беріледі. Айта кетейік, бұл баспаналар «Отбасы банкі» АҚ тарапынан кезектегі тұрғындарға үлестіріледі.


