Биыл тағы екі жылыжай кешенін іске қосу жоспарлануда.
Шымкент қаласында соңғы жылдары мемлекет тарапынан жылыжай шаруашылығына қолдау артып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Инвестициялық субсидиялау бағдарламасы шеңберінде өнеркәсіптік жылыжай шығынының 25 пайызы, тұқымдар мен тыңайтқыштарға жұмсалған қаржының теңге жартысына дейін үкіметтен төленеді. Одан бөлек, төмен пайызды несиелеу бағдарламасы қарастырылған.
Айта кетейік, Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринариялық басқармасының дерегіне сүйенсек, 2023 жылы құны 1,7 миллиард теңгені құрайтын 2 жылыжай, яғни «Отан агро» ЖШС мен ЖК «Татьяна» кешендерінің жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Аталған жылыжай кешендерінен жылына 800 тонна құлпынай мен өзге де көкөністер өндіріліп, 30-дан астам адам жұмыспен қамтылатын болады. Негізінен қазақстандық нарықта көбінесе сауда сөрелерін импорттық құлпынайлар жаулап тұр. Мамандар бүгінде бұл мәселені шешуде жидек дақылдарының, оның ішінде бақша құлпынайының ассортиментін кеңейту және өнімділігін арттыруда осындай үлкен жобаларды қолға алып отыр. Ірі жобалар арқылы қала халқын отандық өніммен қамтуға мүмкіндік мол.
Жылдан-жылға халық саны өсіп отырған Шымкент қаласында егістік алқаптар қысқарып келеді. Сала мамандары алдағы уақытта жылыжай кешенімен бірге мал шаруашылығына басымдық беріледі дегенді алға тартады. Соңғы үш жылда арнайы агроиндустриалды аймақ құрылып, 36 гектарға жылыжай салынды.