Бұл туралы Шымкент қалалық прокуратурасы хабарлама жасады.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Шымкенттегі прокурорлық тексеріс барысында қадағалаушы органмен 50-ден астам кездейсоқ қоқыстар анықталған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Шымкент қаласы прокуратурасының Алқа мәжілісінде жергілікті атқарушы органдардың 2018 жыл мен 2019 жылдың өткен мерзімінде тұрмыстық қалдықтарды жинау, әкету және санитарлық тазалау қызметтеріне бақылауды ұйымдастыруға бағытталған шаралардың тиімділігі мен заңнама талаптарының сақталуына жүргізілген тексеру нәтижелері қаралған және Шымкент қаласының прокуроры Мақсат Қожабаев Шымкент республикалық маңызы бар қалалардың санатына жатқызылғалы бері 1 жылдан астам уақыт өткеніне қарамастан, қаламыздың аумағындағы экологиялық ахуалдың өте нашар екендігін айтқан.
Аталған ақпаратқа сүйенсек, жергілікті атқарушы органдар қаламыздың жоғары статусын сезінбеуінің салдарынан, аталған саланы ұйымдастыру жұмысын жүргізбей, бүгінгі таңда халық қажеттілігін қамтамасыз етпейтін Нормаларды қолданып, құқықтар мен міндеттерді, жауапкершілікті айқындайтын, тұрмыстық қалдықтарды жинау, әкету, қала аумағын санитарлық тазарту саласын реттейтін нормативтік акті қабылданбаған.
Сондай-ақ, тұрмыстық қалдықтардың нақты жиналу нормасына сәйкес қала тұрғындарының сұранысын қанағаттандыру үшін кем дегенде қажетті 4 мың контейнердің орнына қазіргі таңда 2 мың ғана конетейнер қолжетімді екен. Сондықтан, тұрмыстық қалдықтардың жиналу Нормасын жаңадан бекітіп, контейнерлер санын кемінде 2 есе арттыру қажеттігі туындауда. Оған қоса, жергілікті атқарушы органдарымен атқарылып жатқан жұмыстардың жеткіліксіздігінің тағы бір айғағы ретінде тек прокурорлық тексеріс барысында қадағалаушы органмен 50-ден астам кездейсоқ қоқыстар анықталған және 1 жылдан астам уақыт аралығында бірде-бір тұлға әкімшілік жауапкершілікке де тартылмаған.
Сонымен қатар, прокуратура хабарламасына сүйенсек, қала қоқыс ордасына айналуының тағы бір себебі мемлекеттік сатып алу конкурсы негізінде санитарлық тазалау қызметін көрсетуші мекемелердің техникалық ресурстарымен қамтамасыз етілмеуінен бөлек, жұмысшыларының саны бойынша талаптарға сай болмай, жеңімпаз атануы екен.
"Атап айтқанда, жекелеген мекемелер өз жұмысшыларының санын 35 есе артық көрсетіп, яғни небәрі 8 жұмысшысы бар мекеме қажетті 270 жұмысшыны жалған көрсетіп, мемлекет қаржысынан 210 млн. теңге бөлінген бүкіл Қаратау ауданына санитарлық тазалау қызметін көрсетуде. Осындай заңсыздықтарға жол берген мекемелерді жеңімпаз ету аудан әкімдіктерінің әрекетсіздіктерімен бақылаудың мүлдем жоқтығының көрінісі",- делінген Шымкент қаласы прокуратурасының хабарламасында.