Шымкенттегі жарылыс: Перзентханадағы 100-ден астам адам эвакуацияланды

0
859

Жарылыс болған ғимараттың қасындағы бес қабатты тұрғын үйдің 20-ға жуық тұрғыны да қауіпсіз жерге көшірілді.


Шымкенттегі жарылыс: Перзентханадағы 100-ден астам адам эвакуацияланды

Шымкентте жарылыс болған ғимараттың жанындағы перзентханадан 100-ден астам ана мен сәби, медицина қызметкерлері басқа ғимаратқа көшірілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мадияр Жақсыбаев брифинг барысында мәлімдеді.

Мадияр Жақсыбаевтің сөзінше, перинаталдық орталықтан эвакуацияланған жүзден аса ана мен сәбилері Рашидов көшесіндегі перзентханаға тасымалданып, орналастырылған. Сонымен қоса, жарылыс болған ғимараттың қасындағы бес қабатты тұрғын үйдің 20-ға жуық тұрғыны да қауіпсіз жерге көшірілді. Олардың арасында зардап шеккен адамдар жоқ.

Қазіргі таңда қалалық әкімдікте штаб құрылған. Арнайы техникалармен тазалау жұмыстарын жүргізу шаралары басталады.

"Жарылыс салдарынан екі қабатты ғимараттың 55 шаршы метрі өртеніп, 130 шаршы метрі құлаған. Ал, оқиға орынан табылған ер адам 1979 жылы туған перзентхананың күзетшісі екені анықталды. Өртенген ғимараттың перинаталдық орталыққа еш қатысы жоқ болып шықты. «Жарылыс болған ғимараттың иесі іште жұмысшылар болмағанын айтады. Бәрі демалыста болған. Сонымен қатар, ғимаратта екі тоннадай сутегі асқын тотығы сақталғанын жеткізді. Бұл - фурациллин мен глюкоза шығаратын сұйықтық. Жарылысқа осы сұйықтық себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Десе де, оның нақтысы тексеру барысында анықталады. Газдың кесірінен жарылыс болуы мүмкін деген болжам қарастырылып жатқан жоқ», - деді Мадияр Жақсыбаев.