Шымкентте киберполиция алаяқтықтың алдын алды
көрнекілік сурет: ЖИ
Шымкент қаласы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері алаяқтардың кезекті қылмыстық әрекетінің жолын кесіп, қала тұрғынының шотындағы 10 миллион теңгені сақтап қалды.
Белгісіз адамдар әйелге хабарласып, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырған. Ақшаны «қауіпсіз шотқа аудару қажет» деген сылтаумен олар азаматшаны нұсқауларын орындауға көндірген. Кейін байланыс WhatsApp мессенджері арқылы жалғасып, алаяқтар оған психологиялық қысым көрсетіп, ақшаны аударуға итермелеген.
Осы уақытта мамандандырылған колл-орталық арқылы киберполицейлер күмәнді қоңырауды анықтап, дереу азаматшаның мекенжайына барып, оның алаяқтармен байланысын тоқтатты.
Нәтижесінде қала тұрғынының банк шотындағы 10 миллион теңге сақталып, алаяқтардың қолына түсуіне жол берілмеді.


