​Шымкенттік кәсіпкерлер эстониялық әріптестерімен кездесті

0
732

Эстония шағын ел болса да жергілікті компаниялар үшін Еуропа нарығына шығуға қақпа бола алады.


​Шымкенттік кәсіпкерлер эстониялық әріптестерімен кездесті

ERNUR.KZ. Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Эстония компаниялары және жергілікті кәсіпкерлердің В2В кездесуі өтті.

Сауда және қызмет салалық кеңесінің аясында өткен жиынға Палата басшылығы, Эстонияның Орталық Азия елдеріндегі консулының орынбасары, Эстония сауда-өндірістік палатасының өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.


«Қазақстан мен Эстония арасындағы сауда айналымы 2023 жылы 158 млн АҚШ долларын құрады. Екі ел арасында дәрілік заттар, тыңайтқыштар мен жоңышқа ұрығынан бастап құрылыс қоспалары, панельдер, түрлі құрылғылар мен металл өнімдер жіберілуде. Оның ішінде Шымкент қаласынан Эстонияға мұнай және мұнай өнімдері, қара темір, жартылай тіркемелер экспортталса, сіздерден дәрі, мақта, электр сымдары сияқты өнімдер импортталады. Бұл кездесу де осындай байланыстарды ары қарай дамытатынына сенеміз», – деді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев.

Эстонияның Орталық Азия елдеріндегі консулының орынбасары Димитрий Миронов консулдықтың да екі ел арасындағы іскерлік байланысты нығайтуға дайын екенін мәлімдеді.

«Бұл кездесуді тарихи кездесу деп айтсақ болады. Себебі, Эстония делегациясы Шымкент қаласына алғаш рет келіп отыр. Осы кездесуді ұйымдастырғаны үшін Палата басшыларына алғыс айтамыз. Біз, консулдық, осындай іскерлік байланыстарды нығайтуға күш саламыз. Есігіміз екі тарап үшін әрдайым ашық», – деді Димитрий Миронов.

Эстония сауда-өндірістік палатасы өкілдерінің айтуынша, Эстония шағын ел болса да жергілікті компаниялар үшін Еуропа нарығына шығуға қақпа бола алады. Шетелдік қонақтар Палата директорының орынбасары Бауыржан Бердалиевке өз елдеріндегі танымал фирмалардың каталогын сыйға тартты.

Жиын барысында шымкенттік кәсіпкерлер мен эстондық компаниялардың өкілдері В2В кездесуді жалғастырып, өзара байланыс деректерін алмасты.

Айта кетейік, кездесуге Эстония тарапынан Creafin Forward OÜ, Elvarem OÜ, Good Staff Solution OU, AS Morrison Invest, NUMERO ADVERTISING OU, PROisolatsion OÜ, Osaühing Renecta Properties, URETEK Baltic OU және Betafish OÜ компаниялары, ал Шымкенттен «Азия Трафо», Magnat, Kaspy Steel, Perfosystem, Магнум, «Синяя волна», Home Plast, Altair Consulting сияқты компаниялардың өкілдері қатысты.