Шымкенттік спортшы: Олимпиада шыңын бағындыру үшін еңбектенемін

0
292

Жастар арасындағы Әлем чемпионатында Шымкент қаласынан үш спортшы бақ сынаған болатын.


Шымкенттік спортшы: Олимпиада шыңын бағындыру үшін еңбектенемін

Шымкент әуежайында кезекті рет әуелеген ән ойналып, халықтың ықыласына бөленген салтанатты күтіп алу рәсімі өтті.

Салтанатты іс-шараға қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков пен Шымкент қаласының мәслихат депутаты Ноян Төлегенов қатысып, Әлем чемпионатының жүлдегеріне жылы лебіздерін жеткізіп, алда болатын ірі додаларға сәттілік тіледі.
Шымкенттік татами шебері, жастар арасында Әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, Азия чемпионы Орынбасар Талғат 60 келі салмақта сынға түсіп, тек тәжік спортшысына ескерту саны бойынша есе жіберіп, қалған төрт қарсыласынан басым түсті. Бұл салмақта 68 ел өкілдері өзара мықтыны анықтады.
Әуежайдан шыққан бойда Талғаттың ата-анасы, бауырлары, спортта жүрген достары, сондай-ақ спорт салсындағы басшылары мен қызметкерлері және БАҚ өкілдері қошеметпен қарсы алды. Онда Талғат жарыстан алған әсерімен бөлісті.
«Әрине, бұл жарыс мен үшін үлкен тәжірибе болды. Жеңіске жету үшін аянбай тер төгудің нәтижесі деп білемін. Алдағы уақытта ересектер арасында әлем және Олимпиада шыңын бағындыру үшін еңбектенетін боламын. Ерінбей, үнемі дайындықта болған спортшы үшін алынбас қамал жоқ», - деді Талғат.
2-6 қазан күндері Тәжікстан елінің Душанбе қаласында дзюдо күресінен жастар арасындағы Әлем чемпионатында Орынбасар Талғат қола жүлде жеңіп алды.
Айта кетейік, жастар арасындағы Әлем чемпионатында Шымкент қаласынан үш спортшымыз бақ сынады. Олар: Юлдашбекова Сабина мен Абдуали Тасним (48 келі салмақ) және Орынбасар Талғат (60 келі салмақ).

Еске салсақ, Тәжікстан елінің Душанбе қаласында дзюдодан бірінші рет жастар арасындағы чемпионат өткен болатын. Оған әлемнің 67 елінен 500 спортшы қатысқан еді.

Бөлісу