Жанна Соколова «Альфаны» тек бір үйді күзеткеше, елге қызмет етсін деген ниетпен полицияға тапсыруды ұйғарыпты.
Жанна Соколова есімді Шымкент қаласының тұрғыны өзінің бір жасар «Альфа» есімді бельгиялық овчаркасын Шымкент қаласы ПД Кинология қызметіне сыйға тартты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ол Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Е.Жумаханбетовтің өзіне арнайы жолығып, итті тапсырды. Сондай-ақ, кинология қызметіне барып, иттің қай жерде орналасатынын, оған жасалған жағдайын көріп, ерекше ризашылығын білдірді.
Жанна Соколова «Альфаны» тек бір үйді күзеткеше, елге қызмет етсін деген ниетпен полицияға тапсыруды ұйғарыпты. Тағы бір себебі, бельгиялық овчарканың күнделікті тамағы, оның серуені мен бағып-баптауы ерекше күтімді қажет етеді.
Айта кету керек, қызметтік иттердің арасында бұндай төбеттер әлемдегі ең жылдам әрі төзімді жануар саналады және олар күн-түн демей ыстық пен суыққа қарамай қызмет ете береді.
Ел арасында «Жеті қазынаның бірі» деп ерекше әспеттелетін иттер бар. Адамдардың айнымас серігі болып келетін ит тұқымы полиция қызметінде көп пайдасын тигізетіні айдан анық. Осы мақсатта «Альфа» есімді итін қызметтік пайдалануға берген Жанна Соколоваға Шымкент қаласы ПД-і алғысын білдіреді.
Дереккөз: Шымкент қаласы ПД Баспасөз қызметі