Шымкент қаласының Шымкент Қаласының Білім Басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева ұстаздар мен оқушыларды білім күнімен құттықтады.
"Баршаңызды 1 қыркүйек – Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн жаңа жобалар мен ізденістердің, жаңа идеялардың бастауы. Жаңа оқу маусымы білім беру сапасын арттыруға үлкен міндеттер жүктеліп, алға қойылған міндет нақты іске айналатын кезең. Еліміздің дамуына үлес қосатын саналы ұрпақтың зердесіне білім мен тәрбие алауын жағатын уақыт.
Ал ұлтымыздың ұлы перзенті, күллі қазаққа ұстаз болған дана Абай «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» деген екен.
Сондықтан Сіздер қай кезеңде болмасын ілім-білім жинауға қашан да асығып, тәуелсіз еліміздің игілігі жолында білімдеріңізді кәдеге жаратып, болашақта озық ойлы, өрісі кең, өрелі азаматтар қатарынан болатындарыңызға сенемін!
Алаштың ардақты азаматы Міржақып Дулатовтың: «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды», – деген ұлағатты сөзі бар.
Зерделеріңізге тоқыған білімдеріңіз бен бойға дарыған ұлағатты тәлімдеріңіз жарқын болашаққа жол ашсын!
Еліміздің ертеңі өскелең ұрпаққа сапалы білім беру, тәрбиелеу үшін мемлекет өз тарапынан барлық жағдайды жасауда.
Құрметті ата-аналар мен тәрбиешілер! Біздің балаларымыз - біздің жарқын болашағымыз. Олар өз күштеріне сенімді болуды, өз мақсаттарына табанды болуды, өз жаңалықтарында табысты болуды үйренетіні сөзсіз. Дегенмен, біз оларға назар аудару және қолдау арқылы көмектесе аламыз.
Қадірлі ұстаздар қауымы!
Өткен оқу жылында қол жеткізген жетістіктеріміз аз болмады. Бұл ретте ел болашағын тәрбиелеп жүрген мәртебелі мамандық иелері Сіздердің тынымсыз әрі жемісті еңбектеріңізді атап өткен жөн.
Ізгілік пен ізденісті жоғары қойып, жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беріп, осы жолға ғұмырын арнаған игі қызметтеріңізге табыс тілеймін!
Мәртебелеріңізді асырар шәкірттеріңіз көп болғай!
Жаңа оқу жылы жетістіктерге жетелесін!" делінген Шымкент Қаласының Білім Басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиеваның құттықтауында.