Бітіруші түлектер жұмыс берушілермен сұқбаттасты.
ERNUR.KZ. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде оқу орнының бітіруші түлектеріне арналған «Жас маман-2024» бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Жәрмеңкеге Шымкент қаласы және Түркістан облысынан екіжақты келісімшарттар жасалған барлық өндірістік кешендер, ірі өндіріс орындары, спорт, мәдениет, білім беру, жалпы 150-ден астам мекеме қатысты.
Іс-шараға қатысқан Шымкент қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильді орталығы» Еңбекші ауданы бойынша мансап орталығының еңбек ресурстарынын болжау және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Нағима Досанова, «Renaissance SHIK» ЖШС директоры Игорь Карпов, «Сити-инжинеринг» ЖШС директоры Саиддин Ажидинов ізгі тілектерін білдіріп, оқу ордасының білімді, ізденістегі жастарға бос жұмыс орнын ұсынуға дайын екендіктерін жеткізді.
Бітіруші түлектер жұмыс берушілермен сұқбаттасып, өз мамандықтары бойынша бос жұмыс орындары туралы толыққанды ақпарат алды және мекемелердің өтініші бойынша түйіндемелерін қалдырды.
Барлық қатысушылар арасында қызықты ойындар ойнатылып, іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Атап өтейік, биылғы жәрмеңкеге Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты басқармалар, Түркістан облыстық сотының кеңсесі, Шымкент қаласы және Түркістан облысының прокуратурасы, халыққа қызмет көрсету орталықтары, Шымкент қаласының мәдени орындары мен кітапханалары да қатысты.