​ЖАСТАРДЫҢ РЕПРОДУКТИВТІ ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУ – ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІҢ МАҢЫЗДЫ ТЕТІГІ

0
63

Іс-шараның басты мақсаты – жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау, отбасы құндылықтарын дәріптеу және саналы ата-аналыққа тәрбиелеу арқылы ұлт денсаулығын нығайтуға үлес қосу.


​ЖАСТАРДЫҢ РЕПРОДУКТИВТІ ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУ – ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІҢ МАҢЫЗДЫ ТЕТІГІ

«AMANAT» партиясы ШҚФ жанындағы «Әйелдер қанатының» ұйымдастыруымен «Жастардың репродуктивті денсаулығы. Сау жүктілікті жоспарлау» тақырыбында семинар өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау, отбасы құндылықтарын дәріптеу және саналы ата-аналыққа тәрбиелеу арқылы ұлт денсаулығын нығайтуға үлес қосу.
Семинар жұмысына кәсіби гинеколог-дәрігерлер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Қатысушылар ерте және жоспарланбаған жүктіліктің салдары, оның жастар тағдырына әсері, сондай-ақ репродуктивті денсаулықты сақтау жолдары туралы кеңінен пікір алмасты.
Гинеколог дәрігер Жамиля Алиеваның айтуынша, жастар арасында медициналық сауаттылықтың төмендігі өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл фактор ерте жүктілікке, түрлі жұқпалы ауруларға, тіпті бедеулікке әкелуі мүмкін.
«Әсіресе жасөспірім қыздар мен ұлдар өз ағзасының физиологиялық ерекшеліктерін, қауіпсіздік шараларын толық білмейді. Әр жас адам болашағына жауапкершілікпен қарап, саналы шешім қабылдай білуі қажет. Өйткені денсаулық – тек жеке адамның ғана емес, тұтас ұлттың болашағы», – деді дәрігер Ж. Алиева.
Сарапшылар жастардың көп жағдайда кәсіби мамандарға емес, интернеттегі расталмаған ақпарат көздеріне жүгінетінін, бұл жағдай олардың денсаулығына кері әсер ететінін атап өтті.
Семинар барысында студенттер медицина мамандарына көкейдегі сұрақтарын қойып, қажетті практикалық кеңестер алды. Қатысушылардың пікірінше, осындай ашық форматтағы іс-шаралар жастардың таным көкжиегін кеңейтіп, өмірлік маңызы бар мәселелерге байыппен қарауға ықпал етеді.
Іс-шара қорытындысында ұйымдастырушылар репродуктивті мәдениетті қалыптастыру – отбасы институтын нығайтудың және ұлт денсаулығын арттырудың маңызды құралы екенін атап өтті.
Бөлісу