​«ЖҰЛДЫЗ» ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫНДА ТЕМІРЖОЛ ТҰЙЫҒЫ САЛЫНУДА

0
50

Жоба аясында ұзындығы 5 шақырым болатын, бес жолақты теміржол тұйығы салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары бекітілген жоспарға сай жүргізілуде және жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.


​«ЖҰЛДЫЗ» ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫНДА ТЕМІРЖОЛ ТҰЙЫҒЫ САЛЫНУДА

Шымкент қаласының экономикалық дамуына зор серпін беретін және индустриалды аймақтардағы кәсіпорындардың логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жоба – «Жұлдыз» индустриалды аймағында жаңа теміржол тұйығының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл бастама өндіріс орындарының жұмысын жеңілдетуге және жүк тасымалының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұл стратегиялық маңызы бар жоба туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек БАҚ өкілдеріне кеңінен тарқатып айтып берді.

Жаңа теміржол тұйығының құрылысы Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының тапсырысымен жүзеге асырылуда. Жобаны іске асырушы мердігер мекеме – «INTEGRA Construction KZ» компаниясы.

Жоба аясында ұзындығы 5 шақырым болатын, бес жолақты теміржол тұйығы салынып жатыр. Қала әкімінің орынбасарының мәлімдеуінше, құрылыс жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес, жоғары қарқынмен жүргізілуде және маңыздысы – жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл дегеніміз, индустриалды аймақ кәсіпорындары 2026 жылдың басынан бастап жаңа логистикалық арнаны пайдалана бастайды.

Бұл жаңа инфрақұрылым өндіріс орындарын Текесу станциясы арқылы еліміздің теміржол жүйесіне тұрақты және сенімді қосуға мүмкіндік береді. Жаңа теміржол тұйығының іске қосылуы «Жұлдыз» индустриалды аймағындағы кәсіпорындар үшін бірқатар айтарлықтай артықшылықтар береді:

  1. Жүктерді жедел жеткізу: Өндірілген өнімдерді және қажетті шикізатты ірі теміржол желісіне тікелей шығару арқылы жеткізу уақыты қысқарады.
  2. Шығындарды азайту: Теміржол арқылы жүк тасымалдауға көшу автокөлік тасымалына қарағанда шығындарды айтарлықтай азайтады, бұл кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
  3. Өндірістік процестердің тиімділігін арттыру: Логистикалық кедергілердің азаюы өндірістік процестердің үздіксіздігі мен тиімділігін арттыруға оң әсер етеді.

Бұл бастама — индустриалды аймақтың логистикалық инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, сонымен қатар Шымкенттің өндірістік әлеуетін арттыруға және ішкі, сыртқы нарықтарға шығуды жеңілдету арқылы жаңа инвестиция тартуға жол ашады. Қала билігі Шымкенттің Орталық Азиядағы ірі өндірістік және логистикалық хаб ретіндегі рөлін нығайтуға мүдделі.

Бөлісу