Әбиба Әбужақыноваға тағы бір көлік тарту етілді

0
329

Атырауда Спорт күні аталып өтті.


Әбиба Әбужақыноваға тағы бір көлік тарту етілді

ERNUR.KZ. Атырау жұрты Париж Олимпиадасында бақ сынаған Әбиба Әбужақынова мен Эсмигуль Куюловаға көлік мінгізді, деп жазады baq.kz.

Атырауда Спорт күні аталып өтті. Салтанатты іс-шарада облыс әкімі Серік Шәпкенов үздік спортшылар мен жаттықтырушыларды марапаттады.

Өңір басшысы Атырау спортының дамуына үлес қосып келе жатқан спортшыларға ризашылығын білдіріп, тілегін арнады.

Сіздерді бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, мықты мемлекеттің негізі — дені сау ұлт. Бұқаралық спортты дамытудың басты бір құндылығы, міне, осында жатыр. Біз Атырау спортының айбынын асқақтатар жарқын сәттер әлі алда деп сенеміз. Спортты өркендету, спортшыларға жан-жақты қолдау жасау мақсатындағы жұмыстар жалғасын табады, - деді Серік Шәпкенов

Мерекеге орай облыстың ардагер спортшысы Жұлдыз Құлесов “Еңбек ардагері” медалімен марапатталды. Сондай-ақ, «Ақжар балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ директоры Саян Ізтелеуов ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен наградталды.

Ал Муай-тайдан Ұлттық құрама мүшесі Әбіл Галиевке ҚР Мәдениет және Спорт Министрлігінің Алғыс хаты табыс етілді.

Сонымен қатар, үздік жаттықтырушылар облыс әкімінің Алғыс хатын иеленді.

Шарада әлемдік деңгейдегі жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанған спортшылардың ата-анасы да елеусіз қалмай, облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің қолынан Алғыс хат алды.

Дәстүрлі жиынға қатысқан майталмандар арасында Париж Олимпиадасында бақ сынаған Әбиба Әбужақынова мен Эсмигуль Куюлова да болды.

Әлемнің басты спорт бәсекесінде лайықты өнер көрсеткен оларға "Infinity Eco Park" компаниясы "Zeekr" автокөлігін сыйға тартты.

Еске салсақ, 11 тамызда Парижден елге оралған спортшыны Мәжіліс депутаты, кәсіпкер Айдарбек Қожаназаров күтіп алып, астына су жаңа көлік мінгізген еді.