Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы Мажарстанмен кездесіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында шайбалы хоккейден бірінші дивизионының «А» тобында өнер көрсететін командалар арасындағы Әлем чемпионаты аяқталды. Соңғы турда Қазақстан құрамасы Мажарстанмен кездесіп, қарсыласын 3:1 есебімен тізе бүктірді деп жазады altaynews.kz.
Бұл ойындағы есепті кездесудің 23-ші минутында қазақстандық шабуылшы Никита Михайлис ашты. Үшінші кезеңнің басында Антон Некряч есепті еселеді. Бірер минуттан соң мажарстандық Иштван Шофрон есеп айырмасын бір шайбаға дейін қысқартқанымен, ойынның нүктесін Қазақстан құрамасының хоккейшісі қойды. Беларусь құрамасымен өткен бұған дейінгі кездесудегідей бұл жолы да шешуші шайбаны «Торпедо» ойыншысы соқты. Матчтың 57-минутында өскемендік команданың тәжірибелі шабуылшысы Евгений Рымарев көзге түсті. Рымаревтің еншісіне, сонымен қатар бұл кездесудегі бір нәтижелі пас та жазылғанын айтқан абзал.
Осылайша Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатындағы барлық ойынында жеңіске жетіп, «А» тобында бірінші орынға ие болды. Ал екінші орын Беларусь құрамасына бұйырды. Енді қос құрама алдағы жылы үздіктер сынға түсетін элиталық дивизионда өнер көрсететін болады.
Естеріңізге салайық, Қазақстан хоккейшілері аталмыш дивизионда соңғы рет 2016 жылы ойнаған-ды.