Дзюдошы Әбиба Әбужақыноваға үшінші көлік сыйға берілді

0
392

Дзюдошы Әбиба Әбужақынова – әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері.


Дзюдошы Әбиба Әбужақыноваға үшінші көлік сыйға берілді

ERNUR.KZ. Париж Олимпиадасында 5-орын алған дзюдошы Әбиба Әбужақыноваға үшінші көлік сыйға берілді. Енді оның Kia, Zeekr және BMW X3 маркалы көлігі бар, деп жазады inform.kz.

«Жеңіс» дзюдо клубының президенті Алмаз Әлсенов дзюдошы Әбиба Әбужақыноваға BMW X3 кроссоверін сыйлаған.

«Алмаз Альсенов кезекті көліктің кілтін табыстады. Клубтың капитаны ретінде алған көлік мені бұдан кейін де тоқтамауға, тынбай еңбектенуге тағы бір себеп деп ойлаймын. Олимпиада ойындары менің өмірімді түбегейлі өзгерткені анық. Соған қарамастан барлығы мені қолдап, жылы лебіздерін аяп жатқан жоқ. Мемлекеттен, республикалық федерациядан, Атырау облысы және сүйікті «Jenys» клубымнан бұрын қандай қолдау болса, Олимпиададағы жүлдесіз нәтижеге қарамастан қолдауын жалғастырып отыр. Бұл – бір күндік емес, көп жылдық еңбегімнің, маңдай терім мен тынымсыз жаттығулардың нәтижесінде жеткен сый деп қабылдаймын. Әлі-ақ сіздердің үміттеріңізді ақтап, қолдауларыңыздың өтеуі ретінде жеңісті жолды жалғастырамын деп уәде беремін», - деді Әбиба Әбужақынова әлеуметтік желідегі парақшасында.

Дзюдошы Әбиба Әбужақынова – әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері. Ол 48 келі салмақта күресіп жүр. Париж Олимпиадасына Атырау облысының атынан қатысып, қола жүлде үшін белдесуде швед палуанынан жеңілген еді. Алайда, төртжылдық додада 5-орынға тұрақтады.

Оған Париж Олимпиадасынан оралған сәтте Парламент Мәжілісінің депутаты Айдарбек Ходжаназаров Kia көлігін сыйға берді. Ал, Атырау облысының демеушілері Zeekr көлігін алып берді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулықтар Париж Олимпиадасынан оралған Әбиба мен Эсмигүлге көлік сыйлағанын жазған едік.

Кейін дзюдошы Әбиба Әбужақынова мен әлі-ақ жарқ етемін деп жазба қалдырғанын хабарлаған болатынбыз.